Онкологияда қолжетімділік артады: 6 сәулелік терапия орталығы ашылды, ПЭТ/КТ желісі құрылады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Онкологияда қолжетімділік артады: 6 сәулелік терапия орталығы ашылды, ПЭТ/КТ желісі құрылады

Қазақстанда онкологиялық қызметті жаңғырту жалғасып жатыр. Мақсат – обырды ерте анықтап, емдеуді барлық өңір тұрғынына бірдей қолжетімді ету, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Елде сәулелік терапия инфрақұрылымы кеңейтілді: Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында (екеуі Алматыда) барлығы 6 заманауи орталық іске қосылды. Жаңа жабдықтар дәлдігі жоғары емді өңірде-ақ алуға мүмкіндік береді. Бұл науқастардың елорда мен мегаполиске қатынауын азайтып, емді дер кезінде бастауды қамтамасыз етеді.

Материалдық-техникалық базаны күшейтуге 31 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 39 млрд теңгеге инвестициялық келісімдер жасалып, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Өскемен қалаларында ПЭТ/КТ орталықтарын орнату жоспарланды. Ядролық физика институты базасында циклотрон кешенін құру көзделіп отыр, бұл изотоптарды ел ішінде өндіріп, ПЭТ-диагностиканы тұрақты жүргізуге жағдай жасайды.

Өңірлік онкология орталықтарының базасында 17 сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды. Соның арқасында қатерлі ісіктерді ерте анықтау деңгейі 30%-дан 31,4%-ға көтерілді. Ерте диагностика – ем нәтижелілігін арттырып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтатын негізгі фактор.

Кешенді шаралар жоғары технологиялық хирургия мен сәулелік терапияны өңірлерде барынша қолжетімді етуге, кадрлық әлеуетті нығайтуға және төсек қорын халық қажеттілігіне сай қайта бөлуге бағытталған. Министрлік бұл қадамдар обырмен күрестің тиімділігін арттырып, пациенттерге «жақын жерде – уақтылы көмек» қағидатын орнықтыратынын атап өтті.