Еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында жатақханадағы орындарға қатысты жедел ақпарат беретін ахуалдық орталықтар және форс-мажор кезінде уақытша баспанамен қамтамасыз ететін дағдарыс орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл жаңалықты ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Ақерке Абылайхан ОКҚ-дегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің базасында орналастырылған. Ол студенттерге жатақхана орындары туралы күніге жаңартылатын мәлімет ұсынып, өтініш беру барысын түсіндіреді. Дағдарыс орталығы М. Тынышпаев атындағы көлік және логистика университетінде ашылды: мұнда күтпеген жағдайға тап болған студенттерге уақытша тұратын орын қарастырылады. Тиісті құрылымдар оқу жылы бойы тұрақты режимде қызмет атқарады.
Сонымен қатар барлық өңірде студенттік омбудсмендер институты жұмыс істеп тұр. Комитет өкілдерінің айтуынша, оларға бүгінге дейін 6 079 студент жүгінген, көтерілген мәселелердің барлығы шешімін тапқан. Омбудсмендер жатақхана, оқу процесі, әлеуметтік қолдау және академиялық адалдық бойынша келіп түскен өтініштермен айналысады.
Министрлік Жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы «университеттің үшінші миссиясы» аясында жастарды қоғамға әлеуметтендіру бойынша кешенді шараларды да жүйелеп отыр. «Қазіргі таңда студент жастар арасында Абайдың «толық адам» ілімі үш бағыт бойынша – «ыстық қайрат – нұрлы ақыл – жылы жүрек» – негізінде іске асуда», – деді Ақерке Абылайхан. Осыған сәйкес ЖОО-ларда тәрбие жұмысын жүргізудің әдістемесі бекітіліп, оқу орнының ішкі өміріне кеңінен енгізілуде.
Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» қағидаттары да аталған идеологияны алға ілгерілетуге серпін берді. Бүгінде университеттерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және академиялық тазалықты күшейту үшін 51 комплаенс-офицер арнайы даярлықтан өтті. Олар құқықбұзушылық тәуекелдерін талдап, этика мен адалдық стандарттарының сақталуын бақылауға жауап береді.
Студенттердің психологиялық саулығына басымдық беру мақсатында ЖОО-ларда психологтары бар қызметтер құрылды. Министрлік бұл құрылымдардың жұмысын реттейтін ұсынымдар әзірлеп, штат санын кемінде төрт маманнан қалыптастыруды тапсырды. Психологиялық қызметтер бейімделу кезеңіндегі қиындықтар, күйзеліс пен академиялық қысым мәселелеріне жедел көмек көрсетеді.
Жалпы алғанда, ахуалдық және дағдарыс орталықтарының, омбудсмен институтының, комплаенс жүйесінің және психологиялық қызметтердің іске қосылуы студенттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын кешенді қорғауға бағытталған шаралар топтамасын қалыптастырды. Бұл қадамдар жаңа оқу жылы қарсаңында білім алушыларға қолжетімді қолдауды күшейтуге тиіс.