ЖОО жанындағы 58 жатақханада жазда күрделі жөндеу жүргізілді

28 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

560-тан астам нысанға ағымдағы жөндеу жасалды. Вице-министр Гүлзат Көбенова оқу орындарының инфрақұрылымы жаңарып, заманауи студенттік резиденциялар салу мүмкіндігі кеңейгенін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Ortcom.kz сайтына сілтеме жасап.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа жатақханалар «жасыл кампус» тұжырымдамасына сай жобаланып, шетелдік студенттік резиденциялар стандартына бейімделеді. Мұндай нысандар биыл Астана, Алматы және Петропавл қалаларында пайдалануға берілді. «Мысал ретінде NARXOZ университетін айтуға болады. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қозыбаев университеті, Алматы қаласындағы Халықаралық білім корпорациясы», — деді ол.

Жаз айларында жоғары оқу орындары жатақханалары мен оқу корпустарын кең ауқымда жөндеді: 58 нысанға күрделі, 560-тан астамына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлініп, бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл түймелері, өртке қарсы құралдар орнатылды. Бұл шешімдер студенттердің жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне, оқу процесінің үздіксіз жүруіне жағдай жасайды.

Қорытындылай айтқанда, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Министрлік дерегінше, жаңа оқу жылын бастауға барлық университеттер дайын.

Тэгтер:

Жаңа оқу жылы ЖОО жатақхана Гүлзат Көбенова күрделі жөндеу