Биыл ЖОО-ларға қабылдау аяқталды: мемлекеттік білім гранттарының 99 пайызы игерілді, ал жаңа оқу жылынан студент стипендиялары көтеріледі. Мұны ОКҚ брифингінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысып, олардың 160,5 мыңы (76,35%) шекті балдан өтті. 2025 жылғы грант конкурсына шамамен 113 мың өтінім түсті, бұл былтырғыдан 9 мыңға артық. Мемлекет биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге 93 232 грант бөлді, соның 77 мыңнан астамы бакалавриатқа тиесілі. Ведомство мәліметінше, барлық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны ресми түрде аяқталды.
Вице-министрдің айтуынша, биыл гранттардың 99 пайызы игерілді, бұл білімге қолжетімділіктің артқанын көрсетеді. «Жоғары білім қолжетімділігін арттырудағы ерекшеліктердің бірі – биыл қабылданған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі туралы заң. Заң күшіне енгелі өткен сегіз айда жүйеге 35 мыңға жуық салымшы тіркелді», – деді Гүлзат Көбенова. Оның сөзінше, бұл құрал отбасылардың білімге алдын ала жинақ жасау мүмкіндігін кеңейтеді.
Мемлекеттік гранттардан бөлек, биыл әкімдіктер, жұмыс берушілер және түрлі қорлар шамамен 5 мың грант бөлген. Студенттерді әлеуметтік қолдау да күшейді: стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайтылды. 1 қыркүйектен бастап бакалаврларға ай сайын 52 372 теңге, педагогикалық бағыттағы студенттерге 84 000 теңге төленеді. Магистранттардың стипендиясы 117 098 теңге, докторанттарға 262 500 теңге болып белгіленді.