"Өте мейірімді, жарқын жан еді": Журналист Мысырда қаза тапқан қазақстандық әйел туралы естелігімен бөлісті

Бүгін, 07:39 / Теңіз Тамшыбаев
Ақмарал Мұқанова / Анвар Шалекенованың Instagram әлеуметтік желісінен алынды

Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласындағы әуежайда жарнама қалқаны құлап, Қазақстан азаматшасы Ақмарал Мұқанова қайтыс болды. Қайғылы жағдай 17 мамыр күні орын алған. Бұл туралы Anyqtime.kz порталы ҚР Сыртқы істер министрлігі сілтеме беріп хабарлады.

Белгілі қазақстандық журналист Анвар Шалекенов марқұм жайлы Tengrinews.kz редакциясына берген сұхбатында айтып, естелігімен бөлісті.

"Ақмарал Мұқанова — менің кіндік шешем. Ол анамның бала күнгі досы, отбасымызға өте жақын жан болатын", — дейді журналист.

Оның айтуынша, Ақмарал Мұқанова Ақтөбе облысының ішкі істер органдарында көп жылдар бойы қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін Астанаға ұлының қасына көшіп келген.

"Өзі өте мейірімді, жарқын жан еді. Кез келген адамға жылылық танытып, әрдайым күлімдеп жүретін. Жиі саяхаттайтын, әсіресе ұлымен бірге сапарға шыққанды жақсы көретін", — дейді Анвар Шалекенов.

Қайғылы оқиға кезінде Ақмарал Мұқанова ұлымен бірге болған. Қазір ұлы Шарм-эш-Шейх қаласында, тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

"Жексенбі күні бұл ауыр жаңалықты естідік. Мұндай болады деп ешқашан ойламаппыз", — деп қосты журналист.

Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиға кезінде барлығы төрт адам зардап шеккен. Екі жолаушы ауруханаға жеткізілсе, қалған екеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Қазақстанның СІМ марқұмның туыстарымен байланыс орнатылғанын, консул тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Тэгтер:

Журналист Мысыр Шарм-эш-Шейх Ақмарал Мұқанова қайтыс болды