Қайғылы оқиға! Алматы облысында тілсіз жау үш адамның өмірін жалмады
Қарасай ауданының Тұрар ауылы маңында 30 тамыз күні сағат 15:50-де 30 гектар аумақта құрғақ шөп тұтанып, жалын саяжай секторына жайылды. Оқиға орнынан үш адамның күйген мәйіті табылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Алматы облысы ТЖД-нің мәліметінше, өрт құрғақ шөптен басталып, жалпы ауданы 531 шаршы метр болатын жеті саяжай үйін, алты шаруашылық нысанын, Honda Civic маркалы автокөлікті шарпыған. Сонымен бірге 132 шаршы метрлік шөп қора мен шаруа қожалығындағы қалқа, сондай-ақ 80 шаршы метрлік тұрғын үй зақымданған. Алғашқы бөлімшелер келген сәтте аталған құрылыстардың барлығы дерлік отқа оранған.
«Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және орман шаруашылығы қызметкерлерінен құралған шамамен 120 адам мен 25 техника жұмылдырылды. Жағдай ТЖМ-нің толық бақылауында. Өрт ошағын жою жұмыстары жалғасып жатыр», — деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдай департаменті.
Ведомство үш адамның күйіп кеткен мәйіті табылғанын растады. Аталған дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өрттің нақты себебі анықталып жатыр.