Енді елімізде жылу ақысы «балкон» үшін де алынады
Балкон үшін төлем жалпыүйлік есептегіштің бар-жоқтығына және балконның пәтердің пайдалы ауданына қосылуына байланысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Есептеуіш құрал орнатылмаған көпқабатты үйлерде балкон қонақ не ас бөлмеге қосылса, оның шаршы метрі пәтердің жалпы ауданына енгізіледі. Сәйкесінше, тариф осы ұлғайған ауданға қарай есептеледі. Ал үйде жалпыүйлік есептегіш болса, төлем нақты тұтынған жылуға қарай алынады.
Мысалға, тұрғылықты аумағы 50 шаршы метр пәтердің балконы 5 «квадрат» делік. Сіз арадағы қабырғаны бұзып, балконды бөлмеге жалғадыңыз. Техникалық құжат жаңартылып, пәтер ауданы 55 шаршы метр болып тіркелсе, жылу ақысы да осы көрсеткішке сай өседі.
«Балконды, мысалы, қонақ бөлмесіне қосқан жағдайда ол пайдалы ауданға кіреді. Оған төлемақы есептеледі. Ал есептегіш құрал болса, қанша жылу қолданса, соған байланысты төлейді», – дейді Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті басқармасының басшысы Ақтөре Дидаров.
Бұл тәртіп көбіне ескі қордағы үйлерге әсер етеді. Себебі жаңа тұрғын үйлердің басым бөлігі жалпыүйлік есептегіштермен жабдықталған. Мұндай жағдайда балконды қоссын-қоспасын, тұрғын тұтынған көлеміне қарай ғана төлейді.
Қоғамда пікір екіге жарылды. Бір тарап: «Егер жылыту жүйесіне қосылған болса, шаршы метрі көбейген соң төленуі тиіс» десе, екінші тарап «Балкон – толыққанды бөлме емес, төлем әділетсіз» деген уәж айтады. «Жылытуға қосылмаған балкон үшін тариф қалай төленеді?» деген күмән де бар.
Заңнамаға сай пәтер ішіндегі қайта жоспарлау – бір бөлмені үлкейту, екіншісін кішірейту, балконды қосу немесе бөлу – жасалса, мүліктің кадастрлық (техникалық) құжаты жаңартылады. Дегенмен пәтерді сату кезінде бұрынғы техникалық паспорт жарамдылығын сақтай береді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мәліметінше, пәтерді ипотекамен рәсімдегенде банктер, әдетте, жаңартылған техникалық құжатты талап етеді.