Мыңдаған адам қатысқан жаппай наразылық: Президент халық талабын орындады
Фото: Телеканал 360°

Мыңдаған адам қатысқан жаппай наразылық: Президент халық талабын орындады

Индонезияда депутаттарға ай сайын ірі көлемде жәрдемақы бекітілуі және полицей қағып кеткен мотоциклистің өлімінен кейін мыңдаған адам көшеге шықты. Жағдай бірқатар қалада ушығып, мемлекет басшысы шұғыл шара қабылдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі «Адырна» ұлттық порталына сілтеме жасап.

Наразылықтың отын алғаш тұтатқаны – парламенттің әр депутатқа ай сайын 50 миллион рупий (шамамен 3 млн теңге) көлемінде тұрғын үйге жәрдемақы бөлу туралы шешімі. Қоғам әл-ауқаты мен инфляцияға алаңдап отырған елде бұл бастама «әділетсіз» деп бағаланды. Шерушілер биліктен шешімнің күшін жоюды талап етті.

28 тамызда Джакартада болған қайғылы оқиға отқа май құйды: полицей 43 жастағы жеткізу қызметінің курьерін қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Халық бұл әрекетті «жабайылық» деп атап, кінәлілерді қатаң жазалауды талап етті. Осыдан кейін Джакартамен қатар өзге қалаларда да наразылық күшейді.

Шерулер барысында парламент пен полиция ғимараттарына тас лақтыру фактілері тіркелді, бірнеше көлік отқа оранды. Макассар қаласындағы парламент ғимаратында шыққан өрттен кемінде үш адам қаза тапқаны хабарланды. Қауіпсіздік күштері тәртіпті қалпына келтіруге тырысқанымен, қоғамдық қысым бәсеңдемеді.

Президент Прабово Субианто алдымен жұртты сабырға шақырып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Кейін ол оқиғаға қатысты жеті полицей ұсталғанын мәлімдеп, оларға 20 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылғанын хабарлады. Тергеудің ашық жүргізілетіні айтылды.

Қоғам талабын ескерген мемлекет басшысы депутаттарға берілетін тұрғын үй жәрдемақысын жою туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ депутаттардың шетелдік іссапарларына мораторий енгізілді. Президент Прабово Қытайға жоспарланған сапарын да тоқтатты.

Қауіпсіздік мақсатында елдің бірқатар өңірінде мектептер мен банктер уақытша жабылды, мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар қашықтан жұмыс режиміне көшті. Сарапшылар биліктің тез арада диалог механизмін күшейтіп, жауапкершілікті нақтылап, полицияға қоғамдық сенімді қалпына келтіретін реформа ұсынуы қажет деп санайды.