Тұтынушысын «фашист», «нацист» деп атаған дәмхана ақыры қазақша мәзірін жасады

Бүгін, 08:44 / Теңіз Тамшыбаев
Threads әлеуметтік желісі

Алматыдағы Bratskyi Shashlyk атты дәмхана мен халықтың арасында дау туындаған еді. Бұл дәмхана 2GIS қосымшасында «Неге қазақша мәзір жоқ?» деп сауал қойған тұтынушыға «нацист», «фашист» деп жауап берген. Онымен қоса, дәмхана басшылығы «сіздің тілде жауап беруге міндетті емеспіз, біздің елде ондай заң жоқ» деп жазба қалдырған. Бұл туралы Anyqtime.kz порталы хабарлайды.

Бұл жайлы Threads әлеуметтік желісінде Доскали Әмиров есімді қолданушы хабарлады:

«Бүгін Алматы қаласында Ақбақай көшесі 2/Саудакасов көшесі 120 қиылысында орналасқан «братский шашлык» деген кафеде түскі ас ішкенбіз. Қазақша мәзірі болмады. Артынша 2GIS картасында өз пікірімді қалдырдым. Ал Кафенің жауабына өздеріңіз баға беріңіздер», — деп жазды ол.

Осы жағдайдан кейін кәуапхана басшылығы кешірім сұраудың орнына, Instagram-парақшасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жариялады. Еске салсақ, Тоқаев ол сөзінде тіл мәселесін көтеруді алауыздық тудыру деп айыптаған еді.

Десе де, желі қолданушылары Bratskyi Shashlyk дәмханасын жаппай кәнсілдей бастады. Жұрт дәмхананың 2GIS қосымшасы мен Instagram парақшасына түрлі пікірлер жазды. Threads әлеуметтік желісінде дәмхананың тарапынан айтылған жауапқа наразы болып, байкот жариялағандар саны күннен күнге арта берді.

Ақырында Алматылық дәмхана халықтан кешірім сұрады. Бірақ жауапкершіліктен қашып, оқиғаға нақты түсініктеме бермеді. Мұны "қызыметкерлер арасындағы түсініспеушілік" деп, кінәні қызметкерлерге арта салды. "Біздің атымыздан кім жауап беріп жатқанын білмегенімізді айтқымыз келеді", деп жазылған дәмхана мәлімдемесінде.

Қоғамда наразылығы мен жұрттың шағымынан кейін Bratskyi Shashlyk дәмханасы қазақ тіліндегі мәзірін жасады.

Осы оқиға жайлы барлық скриншот суреттерді телеграм каналдан көре аласыздар.

Тэгтер:

қазақ тілі братский шашлык фашист нацист 2GIS Доскали Әмиров