«Есімдеріміз қалсын» деп Қарқаралыда бүтін бір отбасы жартасқа жазу жазған
Қарқаралыда жартасқа аты-жөндерін ойып жазған отбасының ісі полицияға тіркеліп, отағасы бірден екі әкімшілік бап бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция тексеріс жүргізді. Кадрларда жартас бетіне бір отбасы мүшелерінің есімдері жазылғаны анық көрінеді. Қарағанды қаласының тұрғыны екені белгілі болған 1977 жылы туған ер адамға қатысты екі хаттама толтырылды. «Ұсақ бұзақылық» және «ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу қағидаларын бұзу» баптары бойынша іс сотқа жолданады.
Полицейлердің мәліметінше, табиғи нысандарды бүлдіру — әкімшілік жауапкершілікке апаратын құқық бұзушылық. Бұл жерлер экологиялық, ғылыми және тарихи құндылығы үшін қорғалады, сондықтан кез келген зақым келтіру заңмен жазаланады. Telegram-дағы «Вечерняя Караганда» арнасына сілтеме жасаған ақпаратта да қоғам мұндай әрекеттерді айыптап, табиғатты құрметтеуге шақырған.
Құқық қорғау органдары дәл осындай жағдайлар қайталанбауы үшін рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын күшейтетінін еске салады. Ал аталған оқиға бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.