«Ұшақта қорқып, дұға оқыдық»: Алматы–Ақтау рейсінде ақау шығып, төтенше жағдай орын алды
Фото: facebook.com/airastana

«Ұшақта қорқып, дұға оқыдық»: Алматы–Ақтау рейсінде ақау шығып, төтенше жағдай орын алды

Air Astana компаниясының Алматы–Ақтау бағытындағы KC859 рейсінде әуеде техникалық ақау анықталып, ұшақ шұғыл төмендеп, Ақтауға аман қонды. Оқиға салонда дүрбелең туғызып, жолаушылардың бір бөлігі дұға оқығандарын айтып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін салонда «бөтен шудың» естілгені айтылады. Жолаушылардың сөзіне қарағанда, шамамен жарты сағаттан соң ұшақ күрт төмендей бастаған. Сол сәтте бортта үрей күшейіп, адамдар орнынан тұрып кеткендері, кей әйелдер жылап жібергені жазылды. Кейбірі бортұшылардың дауысынан да қобалжу байқалғанын жеткізген.

Әуе компаниясы оқиғаны растады: «31 тамызда Алматы–Ақтау бағыты бойынша ұшқан KC 859 рейсінің экипажы Ақтауға жақындағанда техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сай приоритетті қонуға рұқсат сұрады. Одан кейін ұшақ қауіпсіз эшелонға түсіп, Ақтауда сәтті қонды», – деп мәлімдеді Air Astana. Қазір әуе кемесіне тексеріс жүргізілуде. Компания мәліметінше, кейінгі KC 860 (Ақтау–Алматы) рейсінің жолаушылары басқа бортпен жеткізілді.

Оқиғаға қатысты жазбаларда ұшақ қонар алдында Ақтау әуежайы маңында біраз уақыт айналғаны айтылады. Әуежайда төтенше қызмет өкілдері ұшақты күтіп алғаны хабарланды. Жолаушылар қауіпсіздік талаптарына сай отырғызылып, борттағы жағдай тұрақтандырылғаннан кейін ғана қону орындалған. Компания қосымша ақпаратты тексеріс аяқталған соң беретінін мәлім етті.