Димаш Құдайберген барша әлемді қуантатын жаңалығымен бөлісті

2 қыркүйек, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі

Қыркүйекте Қазақстанда Қытай–Қазақстан бірлескен жаңа халықаралық музыкалық жобаның түсірілімі басталады, жобаның атқарушы продюсері — Димаш Құдайберген. Әлемнің түкпір-түкпірінен вокалистер елдің көрікті өңірлерін аралап, шоудың түсіріліміне қатысады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Түсірілім 8–29 қыркүйек аралығында Түркістан, Алматы, Ақтау және Астана қалаларында өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар музыка сапарын елдің ең әсем аймақтарымен ұштастырып, көрерменге Қазақстан табиғаты мен мәдениетін жаңа қырынан көрсетпек. Кесте мен локациялар DimashNews-те жарияланды.

Жоба халықаралық арналар арқылы бүкіл әлемге таралып, миллиондаған көрерменге Қазақстанның сұлулығын және жаңа дауыстарды ұсынуды көздейді. Продюсерлік тұжырым — музыканы елдер арасындағы мәдени көпірге айналдыру және Қазақстанды заманауи шоу-индустрияның маңызды алаңы ретінде таныту.

Димаш Құдайберген бұл бастаманы өзінің шығармашылық жолындағы жаңа белес деп бағалады. «Шамамен он жыл бұрын Hunan TV-дің “Singer/Мен – әншімін” жобасымен үлкен сахнаға жолым ашылған еді. Енді халықаралық шоу авторы ретінде қайта оралып, мәдени ынтымақтастықта жаңа тарау ашқым келеді», — деген ойын бөлісті ол.

Жоба Қытайдың Hunan TV арнасымен серіктестікте жүзеге асады. Ақпарат бойынша, арна басшылығымен келісімге қатысты да сәтті қадамдар жасалған. Бұл өзара әріптестік форматтың техникалық және өндірістік деңгейін күшейтіп, түсірілімнің халықаралық стандартпен өтуіне жол ашады.

Музыкалық саяхат форматындағы шоуға түрлі жанрдағы вокалистер қатысады. Қатысушылардың өнері мен жол-жөнекей таныстырылатын тарихы, табиғаты, архитектурасы бай өңірлер еліміздің мәдени туризміне де серпін бермек. Шоудың эфир тәртібі мен қатысушылар құрамы түсірілім аяқталған соң таныстырылады.

Тэгтер:

Димаш Құдайбереген халықаралық музыкалық жоба Қытай–Қазақстан серіктестігі