«Тірі жан байқалмады»: Жеңіс шыңындағы альпинист Натальяның орналасқан шатырын дрон бейнежазбаға түсірді
Фото: Бейнежазбадан кескін

«Тірі жан байқалмады»: Жеңіс шыңындағы альпинист Натальяның орналасқан шатырын дрон бейнежазбаға түсірді

Сейсенбі, 2 қыркүйекте Жеңіс шыңында биік тауда ұшатын дронның көмегімен 12 тамыздан бері аяғын сындырып, тауда қалып қойған ресейлік альпинист Наталья Наговицына орналасқан еңістің егжей-тегжейлі тексерісі жасалды. Кадрларда шатыр маңында тірі жан байқалмайды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі  АКИpress сайтына сілтеме жасап.

Жеті минуттық бейнероликті қазақстандық блогер әрі дрон операторы maga.fpv түсірген. Ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанның альпинизм және спорттық өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов Наговицынаның «қаза тапқан деп танылғанын» хабарлады. «Өкінішке қарай, Наталья Наговицынада өмір белгілері жоқ екені анықталды. Барлық құтқару операциялары тоқтатылды», – деді ол. Кубатов бейнематериалдардың (10 минуттан аса) альпинистің ұлына жеке берілетінін және құтқару жұмыстарына атсалысқан жандарға алғыс білдірді.

Ресми түсіндіруге сай, сәтсіздікке әкелген негізгі себептер – шектен тыс биіктік, ауа райының күрт құбылуы, тікұшақтың қатты қонуы және құтқарушылардың шектеулі физикалық мүмкіндіктері. «Жеңіс шыңының тарихында 7200 метр деңгейінде бірде-бір сәтті құтқару операциясы болмаған», – деп атап өтті федерация басшысы. Осыған байланысты құтқарушылардың өз өміріне қауіп төндіретін әрекеттерді жалғастыруға рұқсат берілмеген.

Белгілі болғандай, Наталья Наговицына 12 тамызда шыңнан түсу кезінде аяғын жарақаттап қалған. Жақын маңдағы альпинистер оны 7100 метр биіктікте жартастың қалқасына орналастырып, биік таулық шатыр, ұйықтау қапшығы, су және аздаған азық қалдырғаннан кейін эвакуация шақыру үшін төмен түсіп кеткен. Алайда түсу барысында Италия азаматы – топ мүшелерінің бірі – денсаулығы сыр беріп, 6900 метр биіктікте қайтыс болған.

16 тамызда аймаққа альпинистер мен құтқарушылар отырған әскери тікұшақ жіберілді. Ол 4600 метр шамасында, «Звездочка» мұздығының жоғарғы тұсында қатты қону жасап, бірнеше адам жарақат алды. 19 тамызда 7100 метрге ұшырылған дрон Наговицына жатқан шатырды тағы бір мәрте кадрға түсірді. «Оңтүстік Энильчек» базалық лагерінен кей сәттерде тіршілік белгілері байқалғаны айтылып, екінші құтқару әрекеті ұйымдастырылды, алайда 23 тамызда топ жетекшісі жарақаттанып, қолайсыз ауа райына байланысты альпинистер базаға қайтуға мәжбүр болды.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай экстремалды биіктікте және шамамен минус 20°С суықта ұзақ уақыт бойы сусыз және тамақсыз қалу адам өміріне мүмкіндік бермейді. Наговицына тауда үш аптаға жуық болған. Ресми дерек бойынша, альпинистің денесін эвакуациялау жұмыстары қауіпсіз маусымға дейін, яғни келесі жылға қалдырылды.