Семейге жаңа серпін: 150 гектарлық ауданға 106,8 млрд теңге құйылады
Бейжіңдегі Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесінің VIII отырысы аясында Абай облысының әкімдігі мен қытайлық «Xinjiang Xinhua Industrial Company» Семейде жаңа тұрғын үй кварталын салуға уағдаласты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Келісімге Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр және компания өкілі Ши Цунлян қол қойды. Жоба Семейдің жаңа ауданында заманауи тұрғын үйлермен қатар, қонақүй, мектеп сияқты әлеуметтік нысандарды қамтиды. Қалалық ортаны халықаралық стандарттарға сай жаңғырту көзделген.
Аймақ үшін экономикалық әсері де айқын: құрылыс пен сервистік салаларда жаңа жұмыс орындары ашылады, қала инфрақұрылымының сапасы артады. Жалпы аумақ — 150 гектар, инвестиция көлемі — 106,8 млрд теңге (шамамен $203 млн). Бұл көрсеткіш келісімнің ауқымын айқындап, Семейдің өсім нүктелерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Ербол Садыр жобаның маңызын былай жеткізді: «Жобаның ауқымы да ерекше: жалпы аумақ 150 гектарды қамтиды, ал инвестиция көлемі 106,8 млрд теңгені құрайды. Абай облысы үшін бұл келісімнің мәні зор. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс саласы мен оған қатысты бағыттарды дамытуға жол ашады, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтереді. Біз бұл жобаның өңірдің дамуының жаңа драйверіне айналып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз».
Бұл құжатқа жол ашқан маңызды баспалдақ — 20 мамырда Семейде өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы. Сол жиында қытайлық инвесторлар өңір әлеуетімен танысып, «Xinjiang Xinhua Industrial Company» Семейде сауда-логистикалық орталық құрылысын бастаған еді. Іргетас қалау рәсіміне аймақ басшысы қатысқан.
Айта кетейік, Бейжіңдегі VIII отырысқа екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастықтарынан 500-ден аса өкіл жиналды. Іс-шара қорытындысы бойынша құны $15 млрд-тан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылғаны хабарланды.