Қарағанды облысында ғылым мен бизнеске арналған хаб құрылады
Қарағанды облысында еліміздегі алғашқы аймақтық инновациялық индустриялық хаб – «Картех» іске қосылмақ. Орталық мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық күшін біріктіріп, қолданбалы ғылым мен жоғары технологияны өндіріске жедел енгізуге бағытталады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Жобаның өзегі – зертханадан шыққан идеяны қысқа мерзімде кәсіпорындарға арналған дайын технологиялық шешімге айналдыратын тиімді тізбек құру. Хаб Қарағандыдағы жетекші университеттердің бірінің базасында орналасады. Мұнда заманауи материалдық-техникалық инфрақұрылым шоғырланып, білікті мамандар тартылады. Қазір қатысушылар мен командалар ашық конкурс арқылы іріктеліп жатыр.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтың айтуынша, хабта ғылыми зерттеу жүргізуге де, нәтижесін өндіріске енгізуге де толық жағдай жасалады. «Зертханалық жабдық, инженерлік-конструкторлық сүйемелдеу, прототип әзірлеудің техникалық базасы қолжетімді болады. Сонымен бірге зияткерлік меншік құқығын қорғау, инвестиция тарту, стартаптарды қолдау және мемлекеттік, халықаралық гранттарға өтінім беруге жәрдем көрсету қарастырылған», – деді ол.
Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 12 сәуірде өткен Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінде берген тапсырмасымен үндес. Осы мақсатта өңірде арнайы ғылыми кеңес құрылып, ғылыми инфрақұрылымды күшейту және бизнес пен зерттеу институттары арасындағы әріптестікті жолға қою жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде зерттеулердің коммерциялануына кедергі болатын тетіктерді реттеу көзделген.
«Картех» – ғылым, бизнес, мемлекет және қоғамды бір алаңға тоғыстыратын көпсалалы орталық. Мұнда заманауи зертханалар, конструкторлық және шағын өндірістік алаңдар, 3D-принтерлермен жабдықталған makerspace іске қосылады. Командаларға прототип әзірлеу, бизнес-модель құру және даму стратегиясын пысықтау бойынша кеңес беріледі, оқу курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылады. Арнайы цехта шағын көлемді тәжірибелік өнім шығару мүмкіндігі қарастырылып, шоу-румда оны таныстыруға жағдай жасалады.
Хаб аясында өңір экономикасының басым бағыттары бойынша кластерлер құрылады: тау-кен және металлургия, көмірхимия және жаңа материалдар, Индустрия 4.0 мен автоматтандыру, экология және қалдықтарды басқару. Бұл тәсіл кәсіпорындардың технологиялық міндеттерін тез шешуге және кооперацияны кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ технологиялық стартаптарға арналған инкубатор мен инвесторлар тартатын акселератор жұмыс істемек.
Қаржыландырудың алғашқы кезеңін жергілікті бюджет қамтамасыз етеді. Одан кейін хаб өзін-өзі ақтайтын модельге көшіп, өнеркәсіптік кәсіпорындармен келісімшарттар мен бірлескен жобалар есебінен табыс табуды жоспарлап отыр. Бұл өңірдегі инновациялық экожүйенің тұрақты дамуына негіз болады.
Жоба тұжырымдамасы Румыниядағы Клуж-Напока техникалық университеті жанындағы табысты орталық тәжірибесіне сүйеніп әзірленген. Сол үлгі өңір ерекшелігіне бейімделіп, Қарағандыда ғылыми нәтижені нарыққа жылдам шығару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек. Ұзақ мерзімде бұл бастама импортты алмастыруға, экспорт әлеуетін ұлғайтуға және жаңа жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын ашуға серпін береді.