Шымкентте жылу желілерін құбыр ішінен жүретін роботталған кешенмен тексерудің пилоттық жобасы сәтті аяқталды
Фото: Энергетика министрлігі

Шымкентте жылу желілерін құбыр ішінен жүретін роботталған кешенмен тексерудің пилоттық жобасы сәтті аяқталды

Жүйе құбырдағы жасырын ақауларды ерте тауып, жөндеу жұмысын жоспарлауды жеңілдетеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Роботтандырылған кешеннің өзегі – акустикалық резонанс әдісі. Ол болат құбырдың қалған қалыңдығын өлшеп, ішкі және сыртқы коррозияны автоматты түрде анықтайды. Ақаудың дәл координаттары белгіленіп, операторға дайын карта ретінде беріледі. Осылайша тексеру уақыты қысқарып, адами қателік ықтималдығы азаяды.

Кешен үш құрамнан тұрады: мобильді зертхана, құбырішілік инспекциялық құрал және мәліметтерді жинау-сақтау жүйесі. Жиналған деректерді жасанды интеллект өңдеп, күмәнді учаскелерді приоритет бойынша саралайды. Бұл тәсіл жедел шешім қабылдауға және жөндеу бригадасын нақты бағыттауға мүмкіндік береді.

Жоба «Жанармай-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» шеңберінде, цифрлық трансформация картасына сәйкес енгізілуде. Құрал-жабдықтың басты міндеттеріне пайдалану режимін ескере отырып құбырдың қалған ресурсын есептеу, тозу деңгейіне сай бюджетті тиімді бөлу және коммуналдық желілерді болжау (предиктивті) модельмен басқару кіреді. Нәтижесінде апат саны азайып, жоспарлы жаңғырту жұмыстары жүйеленеді.

Жүйе Энергетика министрлігі іске асырып жатқан EnergyTech платформасына біріктіріледі. Бұл жылу желілеріне проактивті диагностика, цифрлық техникалық бақылау және апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған бірыңғай экожүйе қалыптастырады. Сонымен қатар бастама «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсат-міндеттерімен қабысып, саланың негізгі процестерін цифрландыру мен желілерді қайта құруға серпін бермек.