Павлодар облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алғашқы мектеп ашылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Павлодар облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алғашқы мектеп ашылды

«Келешек мектептері» аясындағы алғашқы оқу ордасы Павлодар облысында есігін ашты. Салтанатты шараға министр Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Асайн Байханов қатысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа мектеп қаладағы ең жылдам өсіп жатқан Достық шағынауданында бой көтерді. Бұл аумақта бұрыннан орын тапшылығы сезілетін. Ашылған білім ордасы көрші мектептердің жүктемесін едәуір жеңілдетіп, 1200 оқушыны жайлы ортада оқытуға мүмкіндік береді. Ғимарат қазіргі білім стандартына сай жабдықталды.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биыл ел бойынша жаңа форматтағы 57 «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі. Бұл білім ошақтарында «Адал азамат» бағдарламасына негізделген тәрбие, ерте кәсіби бағдар және жаңа технологияларды тиімді енгізу басты назарда болады. Президент тапсырмасына сәйкес, аталған мектептерде басқарудың жаңа моделі сыналып жатыр. Министр бұл тәсіл кейін бүкіл жүйеге таратылатын озық тәжірибеге айналатынын атап өтті.

«Мемлекет балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасап келеді», — деді ол. Қазір еліміздегі үш мыңға жуық мектеп бір ауысымға көшкен. Бұдан бөлек, 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, ал 245 білім беру ұйымы реновациядан өтуде. Нәтижесінде, жарты миллионнан астам оқушы жаңа оқу жылын қолайлы ортада бастайды.

Министр сапар барысында Павлодар ауданының Бірлік ауылындағы шағын жинақты мектепке де барды. Ауыл тұрғындары бұл нысанды 40 жылдан бері күтіп келген. Инвесторлар қаржысына салынған мектепте 100-ден астам бала кең, заманауи сыныптарда білім алады. Мұнда спортзал, шеберханалар, кітапхана, акт залы, асхана, медпункт, хоккей корты және 40 орындық балабақшаға арналған мини-орталық қарастырылған.

Білім күні қарсаңында өңірде тағы үш мектеп ашылды, оның екеуі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биыл Павлодар облысында 10 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ал 5700 оқушы 11-сыныпқа өтті. Жаңа білім нысандары демографиялық өсім мен көші-қон қарқыны жоғары аумақтардағы жүктемені теңестіруге ықпал етеді.