Әскердегі қауіпсіздік жаңа деңгейде: сарбаз денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, ата-анамен бейнеқоңырау қолжетімді болды
Фото: Ашық дереккөзі

Әскердегі қауіпсіздік жаңа деңгейде: сарбаз денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, ата-анамен бейнеқоңырау қолжетімді болды

Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру толықтай цифрландырылып, өңірлік әскери комиссариаттар медициналық ақпараттық жүйелермен біріктірілуде. Қорғаныс ведомствосы құқықтық тәртіпті күшейтіп, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шараларды іске асырып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Қарулы күштері Бас штабының өкілі Фархат Айдарбаев цифрландыру жұмыстары азаматтарды медициналық куәландыру процесін толық автоматтандыруға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл – тексеру сапасын арттырып, адами факторды азайтуға бағытталған қадам. Сонымен бірге, әскердегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі.

Айдарбаевтың айтуынша, әр сарбаздың өмірі нақты бақылауда болады, бұл іске «Сарбаздар аналары комитеті» тікелей тартылған. «Әскерде сарбаздардың ата-аналарымен және туыстарымен бейнебайланысқа шығуын қамтамасыз ететін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі белсенді қолданылып жатыр. «Өміріңді сақта» бағдарламасы аясында әлеуметтік қатер картасы мен оны ерте кезеңде алдын алу әдістемесі дайындалды. Сондай-ақ, Қарулы Күштерді цифрландыру және азаматтармен «Ашық үкімет» қағидаты бойынша өзара әрекеттесуді жақсартуға арналған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі жұмыс істеп тұр», – деді ол.

Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру да назардан тыс емес. Білім беру саласындағы жеңілдіктер кеңейтіліп, мерзімді әскери қызметтегілерге оқуын жалғастыруға қолдау көрсетіледі. Ол үшін «Сарбаз» цифрлық платформасы іске қосылған: жүйе сарбаздардың рейтингін автоматты түрде есептеп, жоғары оқу орнын таңдауға жол ашады.

Несиелік жүктемені жеңілдету шаралары да жалғасуда. Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, қызметте ерекше көзге түскен, жауынгерлік және дене дайындығында жоғары нәтиже көрсеткен 2183 әскери қызметші мемлекеттік грант есебінен оқуға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, 20 мыңнан астам әскери қызметшіге жалпы сомасы 8 млрд теңгеге «несиелік демалыс» берілді.

Бұл бастамалар сарбаздардың құқықтарын қорғап, әскердегі ашықтық пен сенімді арттыруға, ал жастар үшін әскери қызметтің әлеуметтік лифті ретіндегі маңызын күшейтуге бағытталған. Ведомство осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.