Президентіміз Қытайда іс-сапарда жүріп, Жамбылдағы ірі зауыттың ашылу салтанатына онлайн қатысты
Фото: Ақорда

Президентіміз Қытайда іс-сапарда жүріп, Жамбылдағы ірі зауыттың ашылу салтанатына онлайн қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін іске қосты. Бұл қадам еліміздің жел энергетикасында толыққанды өндірістік тізбекті қалыптастыруға жол ашады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жоба «Самұрық-Қазына» қоры мен Қытайдың SANY Renewable Energy компаниясының серіктестігімен жүзеге асып отыр. Бұл – жел энергетикасына арналған қондырғылар шығаратын әлемдегі ірі өндірушілердің Қазақстанда ашқан алғашқы кәсіпорны саналады. Президент іс-шараға Қытайдан қосылып, тараптардың ынтымақтастығын жоғары бағалады.

Өндірістік база Шу қаласындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын жел электр стансаларына қажетті гондола, күпшек, мұнара сияқты негізгі бөлшектерді шығарады. Алғашқы кешеннің іске қосылуы ішкі нарықты жергіліктендірілген компоненттермен қамтамасыз етіп, жобалардың мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін жарияланған жоспарға сәйкес, зауыт толық қуатына жақындағанда шамамен 300 жаңа жұмыс орнын құрып, жылына 2 ГВт көлеміндегі жел энергетикасына арналған жабдықты өндіруге әлеуетті болады. Инвестиция көлемі 53,6 млрд теңге (шамамен 114 млн доллар) деп бағаланған. Өнім ішкі сұранысты өтеумен қатар экспортқа да бағытталмақ.

Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда алдыңғы қатарда келеді. Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр, оның ішінде 10 жел электр стансасы бар. Жаңа өндіріс осы экожүйені күшейтіп, алдағы жылдары салынатын ірі жел жобаларына қажетті бөлшектерді жергілікті жерде шығаруға жол ашады.