Тоқаев Бейжіңде Қазақ мәдени орталығын ашты: «Өнер – халықтарды жалғайтын алтын көпір»
Фото: Ақорда

Тоқаев Бейжіңде Қазақ мәдени орталығын ашты: «Өнер – халықтарды жалғайтын алтын көпір»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Мемлекет басшысы бұл оқиғаны екі халықтың рухани өміріндегі маңызды белес ретінде атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы ашылуды «тарихи оқиға» деп бағалап, бастамаға қолдау көрсеткені үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге және Қытайдың Мәдениет және туризм министрі Сунь Елиге алғыс айтты. Салтанатқа қытайлық зиялы қауым өкілдері, дипломаттар, сондай-ақ Президенттің ұстазы Лю Шицинь қатысты. «Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев соңғы жылдары білім және мәдени алмасудың қарқыны артқанын еске салды. Былтыр Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылып, биылғы сапар аясында елімізде «Лу Бань» зертханаларының екінші және үшінші орталықтары іске қосылды. Оның айтуынша, мұндай жобалар жастардың білімін тереңдетіп, ортақ инновацияларға жол ашады.

Президент Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының екінші «Алтын 30 жылдығына» қадам басқанын атап өтті. Екіжақты сауда 2024 жылы 44 млрд долларға жетіп, тарихи межені жаңартты; биыл да серпін сақталады деген болжам бар. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі саналады, ал халықаралық күн тәртібіндегі ұстанымдар көп тұста сәйкес келеді. «Бұл – мәңгі стратегиялық серіктестігіміздің айқын дәлелі», – деді ол.

Тоқаев сапардың нәтижесін «табысты» деп атады: Си Цзиньпинмен мазмұнды келіссөздер өтіп, салалық бағыттар бойынша ортақ уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытай тарапы қазақ делегациясына айрықша ілтипат көрсеткен. «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын», – деді Мемлекет басшысы.

Экономикаға тоқталған Президент биыл жалпы ішкі өнімді 300 млрд долларға жеткізу мақсаты тұрғанын айтты. Бұл үшін көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі және жасанды интеллект сияқты басым салаларға ерекше көңіл бөлінеді. «Осы ауқымды міндеттерді орындауда Қытаймен ықпалдастықты күшейту маңызды», – деді ол.

Бейжіңдегі жаңа Мәдениет орталығы қазақ мәдениетін кешенді таныстыруға бағытталған. Мұнда кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері ашылған; қорда қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар. Көрме залында сақ дәуірінен ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихты қамтитын экспозиция қойылып, археология, зергерлік өнер, қару-жарақ, ұлттық аспаптар мен этнографияға арналған бес бөлім ұсынылған.

Салтанатты шарада қытайлық оқушылар домбырамен қазақ және қытай әуендерінен попурри орындады. Қонақтар балаларға арналған киіз басу бойынша шеберлік сабағын тамашалады. Президент те орталықты аралап, жастардың қазақ тілін үйренуіне жасалған жағдаймен танысты.

Тоқаев қытайлық «Барлық гүлдер гүлдегенде ғана көктем келеді» деген нақылды мысал етіп келтіріп, мәдениеттердің үйлесімді алмасуы ғана қоғамды алға бастыратынын айтты. Күннің соңында Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге орталықты аралап, Қытайдағы Қазақстанның достары клубы өкілдері және бұрынғы қытай елшілерімен пікір алмасты.