«Әскери есеп автоматтандырылды»: eGov-тағы «Жеке кабинет» арқылы 250 мың қазақстандық тіркелді
Қарулы Күштерді цифрландыру аясында азаматтарды әскери есепке қою деректері eGov порталы мен mGov мобильді қосымшасындағы «Жеке кабинетте» қолжетімді болды. Ішкі көші-қон кезінде есепке қою енді азаматтың жеке қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев жаңа жүйенің нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері автоматты есепке қою мүмкіндігін 250 мыңға жуық адам пайдаланды. Бұл – деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасында интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Айдарбаевтың сөзінше, азаматтар өздерінің әскери есебі туралы мәліметті онлайн режимде көре алады. Ішкі көші-қон болғанда, мекенжай ауысқан сәттен бастап жүйе деректерді жаңартып, азаматты жаңа жері бойынша автоматты түрде есепке қояды. Осылайша әскери бөлімшеге барып, қағаз толтыру қажеттілігі едәуір қысқарды.
Спикер 17 жастағы балаларды әскери есепке қою тәртібі де жеңілдегенін айтты. «17 жастағы балаларды әскери есепке қою «Электрондық үкіметтің» проактивті форматына ауыстырылды», – деді ол. Яғни алғашқы тіркеу мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі арқылы бастамашыл түрде рәсімделеді.
Сонымен қатар шақыруды кейінге қалдыру және босату санаттары кеңейтілді. Біліміңді жалғастыру, бір және одан да көп баланың болуы, жұмыс істейтін педагог мәртебесі, ауылдық жерлердегі дәрігер ретінде қызмет ету және ғылыми дәреженің болуы сияқты негіздер ескерілетін болды. Бұл нормалар азаматтардың әлеуметтік мәртебесін нақты ескеруге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 110 мыңнан астам жас әскери есепке алынған. Ал 230 мыңға жуық азаматқа мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру немесе босату берілді. Әскери есеп процестерін цифрландыру уақытты үнемдеп, ашықтықты арттыруға бағытталған.