Шекара қызметі мен Ұлттық ұланға шақырылу талаптары жария етілді
ҰҚК Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан 2025 жылғы шақыру науқанына қатысты жоспар мен іріктеу өлшемдерін түсіндірді. Қанша азамат әскерге алынатыны және қандай талаптар қойылатыны ОКҚ брифингінде айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
2025 жылғы кампания аясында ҰҚК Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметке 5200 азамат шақырылады. Оның 2500-і көктемде әскер қатарына алынған, қалған 2700-і күзгі науқанда жіберіледі. Бұл туралы ҰҚК Тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Берік Жиенбаев мәлімдеп, көктемгі жоспардың толық орындалғанын жеткізді.
Спикердің айтуынша, іріктеу «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңның 7-бабы және азаматтарды әскерге шақыру қағидаларына сай өткізіледі. «Шекара қызметіне талапқа сай келмейтін мынадай тұлғалар қабылданбайды: денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыздар, қажетті моральдық-кәсіптік қасиеттері мен білім деңгейі жоқтар, қылмыстық жауапқа тартылғандар, сондай-ақ арнайы тексеру, психологиялық және полиграфологиялық жіктеуден өтпегендер», – деді Берік Жиенбаев.
Ұлттық ұлан бойынша шақыру мерзімі 2025 жылғы 20 қараша мен 30 желтоқсан аралығында өтеді. Жоспар – 7053 адам. Негізгі талаптар: жасының әскери есепке сай болуы, дене дайындығы мен денсаулық жағдайының тиістілігі, сотталмағаны және білімі негізгі орта деңгейден төмен болмауы. Мұны Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасы әскерге шақыру және жасақтау бөлімінің бастығы Берік Кәкенов хабарлады.
«Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер ішкі істер органдарымен бірлесіп тәртіпті сақтайды, жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесуге қатысады, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ маңызды мемлекеттік объектілер мен арнайы жүктерді күзетеді, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою іс-шараларына тартылады. Іріктеу 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар арасында жүргізіледі», – деді Ұлттық ұлан өкілі.
Іріктеу кезеңдері заңнамаға сәйкес жүзеге асады. Толық ақпарат пен қажетті құжаттар тізімін тұрғылықты жердегі әскери басқару органдарынан алуға болады.