"Мықты бол, жаным": Қарлығаш Жақиянова Сара Алпысқызымен болған ерекше сәттерін бөлісті
Коллаж: Anyqtime.kz

"Мықты бол, жаным": Қарлығаш Жақиянова Сара Алпысқызымен болған ерекше сәттерін бөлісті

Семей мен Павлодар облыстарын басқарған, сондай-ақ «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушылар қатарында болған саясаткер Ғалымжан Жақияновтың жұбайы Қарлығаш Жақиянова Сара Назарбаева жайлы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.

Жақиянованың айтуынша, 2003 жылы жұбайы саяси себеппен абақтыға қамалған кезде, Құшмұрын түрмесіне жол тартқан сәтінде ол күтпеген қоңырау қабылдаған. Телефон ар жағындағы адам — Сара Алпысқызы еді. Бұл уақытта көпшілік олардан теріс айналып кеткен шақ болатын.

«Сол кезде Сара апай: “Мықты бол, жаным. Сен бәрін еңсере аласың. Мен әрқашан сенімен біргемін” деді. Қысқа ғана әңгіме жүрегіме үлкен үміт сыйлады. Сол сөздер маған жарық сыйлағандай болды», — деп еске алды Қарлығаш.

Кейін Сара Алпысқызы Қарлығаш Жақиянованы туған жері — Белуха тауына сапарға бірге баруға шақырған. Бұл саяхатқа ол өзіне ең жақын адамдарын ғана ерткісі келгенін жеткізген. Қарлығаш бұл ұсынысты қабылдап, Өскемен арқылы Белухаға жолға шыққан. Жолда жергілікті билік өкілдері оларды қарсы алғанымен, кейбірі Қарлығашты танымай, көзге ілмегендей күй танытқан.

Алайда сол жерде “Сонар” ансамблінің жетекшісі Ғибрат Қарлығашты танып, келіп құшақтап, кешкі кеште оған арнап «Айналайын» әнін орындаған. Осы сәтте Сара Алпысқызы да сахнаға шығып: «Өмір күрделі, бірақ сондай ғажап. Қандай жағдай болмасын, адам болуымыз керек», — деп жүрекжарды сөзін айтып, «Жан досым» әнін шырқап берген.

Қарлығаш Жақиянова Сара Алпысқызын мейірімді жүректі, таза арлы, шынайы жан ретінде сипаттап, сол қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ оны түсінде көргенін және бұл естелікті бүгінгі қоғам үшін маңызды белгі ретінде қабылдағанын айтты.