Мемлекет басшысы CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады

Мемлекет басшысы Қытайдың CRRC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады. Кездесуде темір жол машина жасауындағы ынтымақтастықты тереңдету, оның ішінде локомотивтерді жеткізу, өндірісті локализациялау және сервистік орталықтар құру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев темір жол машиналарын жасауға маманданған әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын CRRC-пен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестікті жоғары бағалады. Оның айтуынша, 2023 жылдың қазанындағы Қытайға сапардан кейін ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді: «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 100 магистральді және 100 маневрлі тепловоз жеткізу жөнінде келісім жасалған.

Келісімдердің жалғасы ретінде ҚТЖ қосымша 270 гибридті маневрлі тепловоз сатып алуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы ендігі міндет – серіктестікті келесі кезеңге шығару екенін атап өтті. Яғни, тек жеткізіп қана қоймай, елімізде локомотив өндірісін кеңінен локализациялау және жедел техникалық қызмет көрсететін сервистік орталықтар ашу маңызды.

Президенттің пайымынша, бұл қадамдар отандық машина жасау саласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар темір жол инфрақұрылымына қызмет көрсету уақыты қысқарып, парктың қолжетімділігі артады. Индустриялық кооперация отандық компоненттер үлесін өсіріп, технология трансферіне жол ашады.

Анықтама ретінде, CRRC жылына 2 мыңнан астам локомотив, 3 мың жолаушы вагонын, 50 мың жүк вагонын және 11 мыңға жуық қоғамдық көлік құралын шығарады. Кәсіпорын өнімдері 100-ден астам елге экспортталады. Бұл әлеует Қазақстандағы жобаларды жылдам әрі сапалы іске асыруға мүмкіндік береді.