Қазақстандағы Балалардың әл-ауқаты өсіп келеді: Ақтөбе – көшбасшы, Алматы – ең серпінді аймақ
Қазақстанда Балалардың әл-ауқат индексі 2024 жылы тұрақты өсім көрсетті. Орташа көрсеткіш 56,1-ден 58,6 баллға көтерілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Сегіз өңір орташа деңгейден жоғары нәтиже көрсетті — 59,4-тен 64,6 баллға дейін. Көш басында Ақтөбе облысы: 64,6 балл және өткен жылмен салыстырғанда +5,6 пункт. Павлодар облысы жоғары деңгейін 63,3 баллмен сақтады. Елеулі өсім Алматы қаласында (+6,9) және Қостанай облысында (+6,4) тіркелді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап Қазақстанда Балалардың әл-ауқат индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш өңірлер арасындағы нәтижелерді және халықаралық деңгейдегі индикаторларды салыстыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның назарын балалық шақ мәселелеріне аударады», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Индекс төрт бағыт бойынша 56 көрсеткіштен қалыптасады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты». Әдістеме 35 статистикалық және 21 сауалнамалық деректерге негізделген. Көрсеткіштер бала денсаулығы мен дамуын, отбасылық және әлеуметтік ортаны, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, экология және инфрақұрылым салаларындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтиды.