Ақордадағы салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешенінің ел экономикасындағы стратегиялық орнын атап, саланың еңбеккерлеріне алғыс білдірді. Ол «жақын арада мұнай өндіруді жылына 100 миллион тоннаға жеткізу» міндетін нақты атады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент мұнай-газ өнеркәсібінің дәстүрі мен тарихы тереңде жатқанын айтып, осы салада «екі жүз мыңнан астам адам» еңбек етіп жатқанын жеткізді. «Еңбек адамы – ел адамы» деген ұстанымды алға тартқан Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарының табанды еңбегі ұлттық дамудың өзегіне айналып отырғанын айтты. Былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өтсе, биыл Атырау МӨЗ-дің 80 жылдығы, Шымкент МӨЗ-дің 40 жылдығы және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының 25 жылдығы мерекеленіп жатыр.
Мемлекет басшысы шикізатты өндірумен шектелмей, терең өңдеуге басымдық берілетінін еске салды. Атырау, Павлодар және Шымкенттегі зауыттар жаңғыртудың нәтижесінде ішкі нарық сапалы жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді. Табиғи газға қол жеткізген азаматтардың саны 13 миллионға жуықтады. Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісі салынуда.
Тоқаев мұнай-газ химиясында қосылған құны жоғары өнімге басымдық берілетінін айтты. Полиэтилен зауыты шетелдік инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылып, инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру басталып, бұл бағытқа 6 миллиард доллардан астам қаржы құю жоспарланған. Теңіз платформаларын салу отандық кеме құрастырушыларға жүктелмек, бұл мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Елдің энергетикалық теңгерімі жайында пікір білдірген Президент көмірсутектердің жаһандық нарықта әлі де негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Баламалы энергия көздері маңызды болғанымен, қазіргі қажеттілікті толық жауып отырған жоқ. Қазақстан энергия балансында көмірдің үлесі шамамен 70 пайыз екенін айтқан Тоқаев озық, залалсыздандыру технологияларын енгізу арқылы осы ресурсты ұтымды пайдалану қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы саланы технологиялық жаңғыртуға шақырды: жасанды интеллектіні өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу процестеріне енгізу; геологиялық барлауды күшейту; жаңа кен орындарын ашу; адами капиталды дамыту. Білім беру бағдарламаларын жетілдіру, зерттеу орталықтарын қолдау – жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты.
Сөз арасында Президент Қытайға жасаған сапардың нәтижелеріне тоқталды. Екіжақты келіссөздер экономикаға нақты серпін берді: Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын жетпістен астам құжатқа қол қойылды. Ақтөбе облысындағы карбамид өндіретін газ-химия кешені бойынша CNPC-пен 1 миллиард доллардан асатын келісім жасалды. Атырау облысында этан мен пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру жөнінде Қытай даму банкімен шамамен 530 миллион долларлық уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев «таза және озық технологияларды» батыл енгізу, жас мамандарды тарту және саланың адам әлеуетін арттыру арқылы Әділетті, Қуатты, Таза әрі Озық Қазақстан құруға болатынын баса айтты. Іс-шара соңында мұнай-газ саласын дамытуға айрықша үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.