Қазақстан құрамасы Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай ұтылды
Бельгия мен Қазақстан құрамалары арасындағы футбол матчы. Фото: VIRGINIE LEFOUR/BELGA MAG/AFP via Getty Images

Қазақстан құрамасы Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай ұтылды

Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Бельгияға сырт алаңда ірі есеппен есе жіберді. Матч 6:0 нәтижесімен аяқталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу Брюссельдегі «Констант Ванденсток» стадионында өтті. Ойынды румындық төреші Раду Петреску басқарды. Бастапқы минуттарда Әлібек Қасым алыстан көлемді соққы жасап, қақпашы Тибо Куртуа қақпасына қауіп төндірді. Алайда бұдан кейін алаң иелері бастаманы толығымен өз қолына алды.

Алғашқы таймның соңына таман бельгиялықтар қысымды күшейтті: 42-минутта Кевин Де Брюйне есеп ашса, араға екі минут салып Жереми Доку нәтижені еселеді. Үзіліске командалар 2:0 есебімен кетті. Қазақстан қорғаныста тырысқанымен, қарсыластың жылдам пас алмасуы мен флангтердегі динамикасын тежеу қиынға соқты.

Екінші кезеңде де ойын көрінісі өзгермеді. 52-минутта Николас Раскин үшінші голды соқты. Одан кейін Доку дубль рәсімдеп, Де Брюйне тағы бір мәрте көзге түсті. Қорытынды нүктені 87-минутта Тома Менье қойды — 6:0.

Бұл нәтиже Қазақстанға ауыр соққы болғанымен, іріктеу додасы жалғасады. Алдағы матчта ұлттық құрама өз жанкүйерлері алдында еңсесін тіктеуге талпынады. Еске салайық, келесі кездесу 10 қазан күні Астанада Лихтенштейнге қарсы өтеді.

Бельгия — Қазақстан 6:0 (2:0)
Голдар: Де Брюйне, 42 (1:0). Доку, 44 (2:0). Раскин, 52 (3:0). Доку, 60 (4:0). Де Брюйне, 84 (5:0). Менье, 87 (6:0).