Қазақстанда жаңа министрлік құрылмақ — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қазақстанда жаңа министрлік құрылмақ — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Президент бұл ведомствоны қолданыстағы салалық министрліктің базасында жасақтап, оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруы керегін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

«Қолданыстағы салалық министрліктің базасында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл мәлімдеме Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Жолдауда айтылды. Жолдауды отандық БАҚ тікелей эфирде таратты.

Бұған дейін Президент жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, ұлттық цифрлық экожүйені жедел қалыптастыруды, инфрақұрылымды дайындауды және ЖИ-ді мемлекеттік қызметтерге енгізуді Үкіметке нақты тапсырған еді. Ол ЖИ-дің елдің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігі үшін стратегиялық мәні барын ерекше атап өткен. Жаңа министрлік осы бағыттарды жүйелі түрде үйлестіруге жауапты болады деп күтіледі.

Сондай-ақ биыл Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралған болатын. Депутаттар бұл құжатты Қазақстанда ЖИ-дің қауіпсіз әрі тұрақты экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп бағалаған. Жаңа министрліктің құрылуы заңнамалық бастамаларды іске асыру мен нарықты реттеу ісін бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік береді.