Емтиханды емес, адам өмірін таңдады: Студент жүрегі тоқтаған досын құтқарып қалды
Фото: Douyin

Емтиханды емес, адам өмірін таңдады: Студент жүрегі тоқтаған досын құтқарып қалды

Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясында емтиханға бара жатқан 18 жастағы Цзян Чжаопэн есімді студент жүрек талмасы ұстаған сыныптасына алғашқы көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды. Осы әрекеті үшін әлеуметтік желі қолданушылары оны батыр ретінде бағалап, қолдау білдіріп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz порталына сілтеме жасап.

10 мамыр күні кәсіби білім беру емтиханына бірге бара жатқанда, көлік ішінде Цзянның сыныптасы есінен танып, орындығына соғылып қалған. Сол сәтте Цзян дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, көлік жүргізушісіне жақын маңдағы ауруханаға бағыт алуды тапсырған. Дәрігерлердің айтуынша, жүрегі тоқтаған жасөспірім шамамен жарты сағат өткен соң ғана есін жиған.

Оқиғадан кейін Цзян емтихан орталығына жетуге асыққанымен, негізгі пәндердің бірі — қытай тілі бойынша сынақты өткізіп алған. Бұл емтихан – Қытайда кәсіби колледждерге түсудің басты жолы саналады.

Медициналық технологиялар саласын таңдаған Цзян алғашқы көмек көрсету курстарынан өткенін айтып, бұл оқиға оның медицинаға деген қызығушылығын арттырғанын жеткізді.

«Емтихан тағы болады, ал адамның өмірі бір-ақ рет беріледі», — деді ол журналистерге.

Әлеуметтік желіде бұл оқиға үлкен резонанс тудырды. Видео 200 миллионнан астам қаралым жинап, қолданушылар Цзянның әрекетін жоғары бағалады. "Ол нағыз адамгершілік емтиханынан ең жоғары балл алды" деген пікірлер жиі айтылып жатыр.

Алайда жергілікті білім басқармасы қолданыстағы ережелерге сәйкес Цзянның қайта тапсыруға құқығы жоқ екенін мәлімдеді. Оның мектебі бұл шешімге үмітпен қарап, жергілікті билікпен байланыс орнатып жатқанын хабарлады.

14 мамыр күні Цзян мен көлік жүргізушісі Ван Таоға «Батылдығы үшін» марапат және 10 мың юань көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Қоғам арасында Цзянға екінші мүмкіндік берілуі тиіс деген үндеулер әлі де жалғасып жатыр.