Қазақстанның дамуы мен жаңғыруының жаңа кезеңі
Фото: Ақорда

Қазақстанның дамуы мен жаңғыруының жаңа кезеңі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға бағытталған маңызды стратегиялық құжат. Бұл Жолдау еліміздің алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге нақты бағдар ұсынады.

2025 жылғы Жолдау Қазақстанның кадрлық әлеуетін арттыру, білім беру мен ғылымды дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қорғауды жаңғыртуға бағытталған маңызды шараларды анықтады. Еліміздің экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, алдымен кәсіби мамандар дайындау және кадр тапшылығын жою басты міндет екені көрсетілді.

Жолдауда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті насихаттау ерекше атап өтілді. Сонымен бірге, жоғары білім беру саласында сапа мен халықаралық стандарттарға сай мамандар дайындауға басымдық берілді.

Әлеуметтік саясатта осал топтарға қолдау көрсету жүйесін жетілдіру, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселелері де өзекті екенін көрсетті. «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы мемлекеттік қолдаудың әділ әрі ашық болуына ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы реформалар, медициналық қызмет сапасын жақсарту және бұқаралық спортты дамыту мәселелері де халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен бірге, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу – елдің тұрақты дамуына, аймақтардың тең дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Бұл бағытта жол, тұрғын үй-коммуналдық жүйелер, сумен және энергиямен жабдықтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Жолдауда сондай-ақ, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігі айқын көрсетілген. Бұл қаржылық тұрақтылықты сақтауға және инфляцияны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бұның арқасында экономиканың барлық секторларына сенімді инвестициялық орта қалыптасады.

Инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау – елдің экономикалық өсуі мен инновацияларды енгізу үшін өте маңызды. Мемлекет бұл бағытта әкімшілік кедергілерді жою, заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлерді қолдау шараларын күшейтуді жалғастырады.

Сонымен қатар, Жолдауда елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау мәселесі де маңызды орын алады. Бұл – өндірісті жаңғыртып, импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық өнімді дамытуға бағытталған нақты қадамдар.

Жолдау елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге арналған нақты әрі жүйелі шаралардың бастамасы болып табылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры

Б.М.Айтбаева