Абай облысында жылу маусымына дайындық кесте бойынша: билік көмірді алдын ала алуға үндеді

10 қыркүйек, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында жылу маусымына дайындық бекітілген жоспарға сай жүріп жатыр. Тиісті ведомство 1 қазанға дейін толық дайын боламыз деп мәлімдеп, тұрғындарды көмірді ертерек алуға шақырды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ өкілдері үшін ерекше форматтағы баспасөз турын өткізді. Журналистер ЖЭО-1, Орталық жылу пункті 15/1, «Жігер СТ» ЖШС, «Орталық» қазандығы және Семей қаласының Сроства ауданындағы су құбыры құрылысының барысымен танысып, сала мамандарына өзекті сұрақтарын қойды. Нысандардағы жұмыс кестеге сай атқарылып жатқаны айтылды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқановтың сөзінше, облыс алдағы 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына жүйелі түрде әзірленіп жатыр. «Облыс халқының көмірге жалпы қажеттілігі – 567 мың тонна. Көмірді қазірден сатып алу – отбасының жылу қауіпсіздігімен қатар, маусым басталғандағы ұзын-сонар кезек пен жеткізу қиындығын, баға өсімін болдырмаудың ең тиімді жолы», – деді ол. Оның айтуынша, әр маусым сайын көмірді соңғы сәтке қалдыру тұрғындарға да, жеткізушілерге де қосымша салмақ түсіреді.

Басқарманың мәліметінше, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары штаттық режимде, бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Үш қала мен бес аудандағы 23 жылу көзінде құрылыс, жаңғырту және ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Сонымен бірге 24 шақырым жылу желісінде жұмыс атқарылуда. Осы мақсаттарға жалпы 11,8 млрд теңге бөлінген.

Мамандар көмірді ертерек сатып алудың логистикалық артықшылығын да атап өтті: маусымдық пик кезеңінен бұрын қойма қорын толықтыру тасымалды жеңілдетеді, ал экстрим суық түскенде күтпеген үзіліс тәуекелін азайтады. Тұрғындардан инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталғанша үйішілік жүйелерін тексеріп, көппәтерлі үйлерде басқарушы компаниялармен бірлесе опрессовка мен жөндеу мәселелерін дер кезінде жеделдету сұралды.

Тэгтер:

жылыту маусымы Абай облысы жылу желілері көмір Раджан Сейтқанов