«Қырық жыл қол үзбеген қаламынан» әдеби кеші
11 қыркүйек күні гимназиямызда рухани жаңғыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында айрықша мәнге ие тағылымды шара өтті. «Тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір» атты тілдер айлығы аясында «Шешендік өнер» және «Ақ қауырсын» үйірмелерінің ұйымдастыруымен белгілі жазушы, әдебиеттанушы, сыншы, ғалым Әліәкбар Әбіл-Серік Әбілқасымұлымен өткен «Қырық жыл қол үзбеген қаламынан…» атты әдеби кездесу кеші жас ұрпаққа рухани серпіліс сыйлады.
Әдеби кештің шымылдығы жас дарындардың өнерімен ашылды. 1-сынып оқушысы, нәзік үнімен көпшілікті бірден баурап алған Даниярқызы Раяна әсем әнімен кешке ерекше әр берді. Ізін ала қазақ әдебиетінің сырлы әлемін шәкірттерге сүйіспеншілікпен насихаттап жүрген әдебиетші ұстаз Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы сөз алып, қаламгердің шығармашылық жолы мен ғылыми ізденістеріне арналған мазмұнды баяндамасын оқыды. Ұстаздың байыпты талдауы мен нақты деректерге толы тың мазмұнды дүниесі тыңдаушыларды ғалымның өмір жолына тереңірек үңілуге жетеледі.
Кештің басты қонағы – әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін қалыптастырған Әліәкбар Әбіл-Серік Әбілқасымұлы оқушылармен ашық жүздесіп, шығармашылық жолындағы қызықты кезеңдерден сыр шертті. Қырық жылдан астам уақыт бойы әдебиет пен ғылымға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қаламгер жас ұрпаққа ең алдымен адалдық пен ізденістің, еңбекқорлық пен рухани тазалықтың маңызын айрықша атап өтті. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, өз тәжірибесімен бөліскен ғалымның әрбір ойы жас жеткіншектерді толғанысқа жетеледі.
Әдебиетке деген құрмет пен шабытқа толы бұл басқосу поэзиямен әрленді. «Ақ қауырсын» үйірмесінің мүшесі, 7-сынып оқушысы Сембай Інжу ұстаз-ғалымға арнаған жүрекжарды жырын оқып, көпшілікке әсерлі сәт сыйлады. Оның балауса сезім мен шынайы ықыласқа толы өлеңі ұстаз еңбегіне деген жас буынның ықыласын айқын аңғартты.
Кеш соңында қаламгер мектеп ұжымына, ұйымдастырушыларға және әдебиетке ынтық жас оқырмандарға өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, "FREELANCER ТӘРМІМАШЫ КУРСЫ" кітабын естелік сыйға тартты.
Әліәкбар Әбіл-Серік Әбілқасымұлы әдебиет арқылы ұрпақ тәрбиелеудің жауапты іс екенін атап өтіп, руханиятты дәріптеу жолында жасалған әрбір қадамның құнды екенін ерекше айтты. Шара естелік суретке түсумен қорытындыланып, әдеби кештен рухани ләззат алған көпшілік жүректеріне шабыт пен үміт ұялатқан әсерлі сезіммен тарқасты.
Осындай аталған әдеби кеш – қаламның құдіретін сезіндіріп, сөз өнерінің мәңгілік күшін паш еткен тағылымды басқосу болды. Жас ұрпақ үшін бұл кездесу тек қана әдебиет мерекесі емес, ойды сергітіп, шабытты ұштайтын, арманға жетелейтін рухани мектепке айналды.
"Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназиясы"
"Ақ қауырсын" үйірмесінің Жетекшісі: Омарғали Е.Қ.