«Ауыл» партиясы «АТА ЗАҢ - АЛТЫН ТҰҒЫРЫМ» онлайн жыр конкурсының мараппаттау рәсімін өткізді
Егемен еліміздің ең басты құндылықтарының бірі – Конституция күні биыл ерекше аталып өтуде. Қазақстан Республикасының «Ата Заңының» қабылданғанына 30 жыл толуына орай республика көлемінде түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылып, елдің бірлігі мен Заң үстемдігін дәріптейтін мазмұнды мерекелік бағдарламалар жүзеге асуда. Осы орайда, «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының бастамасымен «Ата Заң – алтын тұғырым» тақырыбында онлайн жыр конкурсы өткізіліп, оның қорытынды марапаттау рәсімін өткізді.
Жастардың Отанға, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен басты Заңына деген құрметін арттыруды мақсат еткен бұл конкурсқа облыс көлеміндегі қала мектептерінің оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысып, жүрекжарды жырларын ұсынды. Байқау шарттарына сәйкес қатысушылар «Ата Заңның» мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіндегі рөлі, тәуелсіздік құндылығы, елдік бірлік пен татулық тақырыптарын арқау еткен өлеңдерін бейнежазба түрінде жолдады.
Онлайн форматта өткен шара барысында жас ақындар ел тарихының маңызды кезеңдері мен Конституцияның қоғамдағы орны туралы толғаныстарын, егемендік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын әсерлі жыр жолдарымен жеткізді. Қазылар алқасы барлық туындыларды мұқият саралап, олардың көркемдік деңгейін, тақырыпты ашу шеберлігін және поэтикалық қуатын бағалап бақты.
Нәтижесінде, өнер мен сөз додасында ерекше көзге түсіп, ой тереңдігімен, тіл байлығымен дараланған жастардың еңбегі лайықты бағаланды. Конкурстың «Бас жүлдесі» – арнайы Диплом және естелік сыйлық «IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің» 3-курс студенті Махмудов Нұрсұлтанға табысталды. Оның «Ата Заңымыздың» ел болашағындағы тарихи рөлі мен мәңгілік маңызын терең сезіммен жырлаған өлеңі қазылардың да, көпшіліктің де ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, жүлделі орындарға ие болған өзге қатысушылар да дәл осындай Дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсіміне қатысқан «Ауыл» партиясының өкілдері жеңімпаздарды құттықтап, олардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тілеп, бұл байқаудың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
«Ата Заң – алтын тұғырым» онлайн жыр конкурсы жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейтіп, елге деген сүйіспеншілігін нығайтуға зор үлес қосты.
Барлық жеңімпаздарды және қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз!
Еліміздің егемендігі мен бірлігінің кепілі – «Ата Заңымыз» мәңгі жасай берсін, жас дарындарымыздың өнері өрлей берсін!
«Ауыл» партиясы
Абай облысы бойынша өңірлік филиалы
Баспасөз қызметі