«Ауыл» партиясы «Ауыл нақыштары» фото байқауына қатысу жөнінде жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді
«Ауыл» партиясы, Абай облысы бойынша өңірлік филиалы

«Ауыл» партиясы «Ауыл нақыштары» фото байқауына қатысу жөнінде жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Қазіргі заман жастарының шығармашылық қабілетін дамыту, олардың туған жердің табиғаты мен ұлттық құндылықтарын жаңаша қырынан танып-білуіне мүмкіндік жасау – «Ауыл» партиясының басты назарындағы бағыттарының бірі. Осы мақсатта, Абай облысы бойынша өңірлік филиалдың бастамасымен жастар арасында «Ауыл нақыштары» атты фото байқауына қатысуға шақыру және түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұл кішігірім  аталмыш тақырып аясындағы кездесуде, ұйымдастырушылар, байқаудың негізгі мақсаты мен шарттарын кеңінен таныстырды. Фото байқау ауыл өмірінің әсем көріністерін, ұлттық дәстүрлер мен тұрмыстың өзіндік ерекшеліктерін, табиғат сұлулығын, ауыл адамдарының еңбектегі бейнесін сурет арқылы жеткізуді көздейді. Жастарға фотосуреттерді ұсынудағы талаптар, жұмыстарды қабылдау мерзімі, шығармашылық ізденістің маңызы туралы нақты мәлімет берілді.

Шара барысында, қатысушыларға фотосурет түсірудің ерекшеліктері, композиция құру, ауылдың көркем болмысын айшықтайтын сәттерді дәл мезетінде түсіру тәсілдері туралы пайдалы кеңестер ұсынылды. Сондай-ақ, фото өнерінің бүгінгі жастар үшін тек қызығушылық ғана емес, болашақта кәсіби бағытқа ұласуы мүмкін екені де айтылды.

Жиналған жастар байқауға қызығушылық танытып, өздерінің ауылға деген сүйіспеншілігін шығармашылық жұмыс арқылы көрсетуге  ниетті екенін білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ауыл нақыштары» фото байқауы туған жердің құндылығын жас буынға дәріптеумен қатар, ауылдың шынайы келбетін жаңа қырынан ашуға ықпал етпек.

Бұл бастама – жастардың өнерге, табиғатқа және ұлттық болмысқа деген құрметін арттыруға бағытталған игі қадам деуге толық негіз бар. Байқау жеңімпаздары кейін арнайы марапатқа ие болып, үздік туындылары көпшілік назарына ұсынылатын болады.

«Ауыл» партиясы

Абай облысы бойынша өңірлік филиалы

Баспасөз қызметі