«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының «Жастар қанаты» жаңа мүшелермен толықты
Еліміздің болашағы – білімді де белсенді жастардың қолында. Бұл тұрғыда қоғамның саяси, әлеуметтік және мәдени өміріне жастарды кеңінен тарту, олардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытындағы бастамалар ерекше мәнге ие болып келеді. «Ауыл» партиясы да жас ұрпақтың ой-пікірі мен тың идеяларын қолдап, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік жасауға ұдайы назар аударуда.
Бүгінгі таңда, партияның Абай облысы бойынша өңірлік филиалы жанынан құрылған «Жастар қанаты» жаңа мүшелермен толықты. Бұл дегеніміз, өңір жастарының қоғамдық жұмыстарға қызығушылығының артып, елдің өркендеуі жолындағы жауапкершілікті терең сезінуге ұмтылуының айқын көрінісі. Жаңа мүшелерді қабылдау рәсіміне қатысқан жас белсенділер өздерінің «Ауыл» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен бастамаларын қолдайтынын, туған елдің өркендеуі жолында еңбектенуге дайын екендіктерін білдірді.
Басқосу барысында, қатысушыларға Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген негізгі міндеттер мен стратегиялық бағыттар туралы түсіндіріліп, партия бағдарламалары жөнінде мазмұнды ақпарат берілді. Жиында сөз алған филиал өкілдері Жолдаудағы ауылды дамыту, жастарды қолдау, білім мен ғылымды жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту сияқты өзекті мәселелердің мәнін нақты дәйектермен тарқатып жеткізді.
Жиналған жас буын өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ойларын ортаға салып, ауыл жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Пікір алмасу барысында, жастардың бастамашылдығы мен қоғамдық өмірге деген қызығушылығы да сезілді. Олар, болашақта, аймақтың өркендеуіне үлес қосуға, түрлі рухани-мәдени жобаларды жүзеге асыруға ынталылықтары байқалды.
«Жастар қанатының» жаңа мүшелері үшін бұл кездесу өзара тәжірибе алмасу, алдағы жоспарларды талқылау және ортақ мақсатқа ұмтылуды айқындау алаңы екенін аңғартты. Партия өкілдері жастардың тың идеяларын қолдап, олардың ұсыныстарын толымды мақсаттарға айналдыруға мүмкіндік берілетінін де тілге тиек етті.
Жастардың белсенділігі – елдің ертеңгі даму бағытын айқындайтын маңызды күш деп айтуға болады. «Ауыл» партиясы бұл жолда әрбір жастың өз қабілетін танытып, қоғам игілігі үшін еңбек етуіне жағдай жасауға әзір екенін тағы да дәлелдеді.
Аталмыш басқосу – тек жаңа мүшелерді қабылдап, оларға партия төсбелгісін тағу өткізу рәсімі ғана емес, жастардың елдік мүдде жолында топтасып, болашаққа сеніммен қадам басуының жарқын көрінісіндей. Жастардың осындай бастамалары келешекте өңірдің әлеуметтік, мәдени және экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосарына сенім мол.
«Ауыл» партиясы
Абай облысы бойынша өңірлік филиалы
Баспасөз қызметі