Түркістандағы жаңа есу арнасы: Орталық Азиядағы алғашқы әлемдік стандарттағы кешен ашылды

15 қыркүйек, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Түркістан қаласында халықаралық талаптарға толық сай келетін бірегей есу арнасы пайдалануға берілді. Кешен ICF және FISA стандарттарын орындайды және өңірге халықаралық турнирлер әкелуге жол ашады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Есу арнасының ашылуына ICF президенті Томас Кониеццко арнайы келіп, нысанға жоғары баға берді. Салтанатты рәсімде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов: «Құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілген бұл спорт кешенінде енді халықаралық жарыстарды қабылдай аламыз. Нысан тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді. Өңір тұрғындары үшін мұнда волейбол, футбол, баскетбол алаңдары мен қалалық жағажай ашылады», – деді.

Қазір еліміздің 12 өңірінде академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, есу слаломы жүйелі дамып келеді. Бұл спорт түрлерімен 6 131 адам тұрақты түрде шұғылданады, олармен 174 жаттықтырушы жұмыс істейді. Академиялық есу Олимпиада бағдарламасындағы ең жүлделі бағыттардың бірі саналады: төртжылдық додасында 14 жиынтық медаль сарапқа салынады, ал әлем чемпионаттарында 20-дан аса бағдарлама өткізіледі.

Түркістандағы арнаның жалпы аумағы – шамамен 100 гектар, ұзындығы – 2,5 шақырым. Инфрақұрылым әлемдік деңгейдегі жарыстардан бастап Әлем және Азия кубоктеріне дейінгі турнирлерді қабылдауға және үздіксіз жаттығу процесін жүргізуге мүмкіндік береді. Арна суы қаланың суармалы жүйесіне қосылып, жасыл белдеуді суаруға жұмсалады; аумақта ұзындығы 1 шақырымдық қалалық жағажай, қонақ үй және көрермендер трибуналары қарастырылған.

Жоба Түркістанның спорттық, экологиялық және туристік әлеуетін күшейтіп, елімізде академиялық есу спортының жан-жақты өркендеуіне серпін береді. Кешен ұлттық құрамаларды даярлайтын және жас спортшыларды тәрбиелейтін негізгі орталыққа айналмақ. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту аясында жыл соңына дейін Астанада Ұлттық спорт университетін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тэгтер:

Түркістан есу арнасы ICF академиялық есу спорт инфрақұрылымы