«Алтыннан айырған төреші»: Назым Қызайбай жекпе-жегіндегі даулы бағалаудың авторы аталды

16 қыркүйек, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж: Anyqtime.kz

Ливерпульде бокстан өткен әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан құрама командасы жалпы есепте бірінші орын иеленді. Алайда финалда үнді спортшысымен шайқасқан Назым Қызайбай төрешілер шешімімен жеңіліп, күміске тұрақтады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Назымның финалындағы негізгі дауды тудырған төрешінің кім екенін анықтап, көпшілікке жария етті. Оның айтуынша, жекпе-жекте барлық раундта «тоғыз» қойған судья – түрік маманы Давут Кануни. Журналист бұл есімді ашық атап, төрешінің суретін де бөліскен.

«Назым Қызайбайды ұтып тұрған жерінен барлық раундта тоғыз баллдан қойып, алтын жүлдесінен айырған түрік төреші осы. Аты-жөні – Davut Kanuni. Артынша Айбек Оралбайға да барлық раундқа тоғыз балл қойды… Білсін, қазақ елі бұндай қастандықты ұмытпайтынын. Түбі кездесеміз! Бетіне басамыз!», – деп жазды Қаженов. Оның жазбасы желіде қызу талқыланып, жанкүйерлер төрешілерге қатысты сын айтты.

Соған қарамастан, ұлттық құрама дүбірлі додада тұрақты нәтижемен көзге түсіп, командалық бірінші орынды жеңіп алды. Спорт мамандары Назымның өнерін жоғары бағалап, бұл финал оның үлкен жеңістерге бастар жолындағы маңызды белес екенін айтады.

Тэгтер:

Назым Қызайбай Қазақстан құрамасы Давут Кануни төреші дауы бокстан әлем чемпионаты