Түркістан облысы, Қарамұрт ауылында 14 жыл отасқан жұбайлар арасындағы жанжал қанды қылмысқа ұласқан: ер адам әйелін балғамен ұрып өлтіріп, кейін өз-өзіне қол салғаны хабарланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаны ерлі-зайыптылардың төрт баласы таңертең мектепке жиналып жатқанда көріп қалған: олар ата-анасының жансыз денесін тауып, дереу дабыл қаққан. Қазір балалар уақытша қамқорлыққа алынып, балалар үйіне тапсырылды. Қайғылы жайт ел ішінде үлкен алаңдаушылық туғызды.
Марқұм әйелдің туыстарының сөзінше, 45 жастағы келіншек аса ауыр соққыдан қаза тапқан. Ал ер адам қылмыс үстінен кейін аудиожазба қалдырып, қызғанышқа берілгенін айтқан. Отбасы ішінде ұзақ уақыттан бері түсінбестік болған-болмағаны әзірге белгісіз.
Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Алдын ала деректерге сай, ер адам жұбайына ауыр дене жарақатын салып, оның өліміне себеп болған. Кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.
Қаза болғандардың артында 13, 9, 6 және 3 жастағы төрт бала қалды. Туыстарының айтуынша, балалардың бірінің мүмкіндігі шектеулі. Әлеуметтік органдар балаларының қауіпсіздігі мен күтіміне жауапты құрылымдармен бірлесіп, қажетті қолдау көрсету тетіктерін пысықтап жатыр.