«Темекі басып, өзенге сүйреген»: Алматы облысында жасөспірімді азаптаған әкімдік қызметкері қамауға алынды
Алматы облысында Масақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкері 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, қорлағаны үшін қамауға алынды. Іс бойынша екінші әйел де ұсталып, тергеу басталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Полиция департаменті дерегінше, жасөспірім үйінен алдап шығарылған. Кейін екі әйел оны күштеп алып кетіп, уақытша ұстау изоляторына қамалғанша бостандығынан заңсыз айырған. Факт тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды.
Жәбірленушінің анасы қызғаныш басты себеп болғанын айтады. Оның сөзінше, күдіктілер қыздың денесіне темекі басып, ұрып-соғып, өзен жағасына апарып, басын суға малып қорлаған. Сондай-ақ жуан таяқ қолданылғаны айтылды. Қызға медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Әкімдік мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бері Масақ ауылдық округі әкімі аппаратының компьютер операторы болып істеген. Лауазым мемлекеттік қызмет реестріне кірмейтін техникалық қызметкер санатына жатады. Ол қазір қамауда және сот шешімі шыққанға дейін қызметінен уақытша шеттетілді.
Құқық қорғау органдары істі ерекше бақылауда ұстап отыр. Тергеу нәтижесіне қарай іс сотқа жолданады. Билік өкілдері кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты ұстанылатынын мәлімдеді.