Семейде облыс әкімі Берік Уәли жергілікті бюджеттен бөлінген білім беру гранттарының иегерлерімен кездесті. Шарада өңір жастарына қажет 32 мамандық бойынша 200 грант қарастырылғаны айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу «Ес-Аймақ» рухани орталығында өтті. Оған өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж және мектеп директорлары, басқарма басшылары мен студенттер қатысты. Биылғы көрсеткіш бойынша Абай облысы республикада 200 грантпен алдыңғы алты өңірдің қатарына енді. Бұл – кадр тапшылығын сезініп отырған жас облыс үшін маңызды қадам.
Гранттар педагогика, экономика, техника, құрылыс, медицина, ауыл шаруашылығы және IT бағыттарына бөлінді. Ерекше жаңалық – алғаш рет «Журналистика» мен «Стоматология» мамандықтары да қолдауға ие болды. Бағдарламаның негізі 2023 жылы қаланған еді, биыл оның ауқымы кеңейіп, жаңа кадрларды даярлауға жол ашылды.
Берік Уәли жастарды құттықтап, бәсекеге қабілетті білім мен адал еңбектің маңызын атап өтті. «Президентіміз: «Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті» деген. Аудандар мен шалғай елді мекендерде кадр тапшылығы барын жиі көремін. Сондықтан оқу үлгерімі жоғары, олимпиада және спорт жүлдегерлері, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ауыл мектептерінің түлектеріне басымдық берілді. Биыл әкім гранттарының әділ бөлінуін өзім тікелей қадағаладым», – деді ол.
Студенттер де қолдау үшін алғысын білдірді. Семей медицина университетінің «Стоматология» мамандығының студенті Жібек Теміржанова: «Бұл қолдау білімімізді тереңдетіп, мақсатымызға жетуге үлкен серпін береді. Алған білімімізді ел игілігіне жұмсауға тырысамыз», – деді. Сондай-ақ педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мәдениет Ахметова мен Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов гранттардың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Қазір өңірдің үш ірі жоғары оқу орнында – Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University және Семей медицина университетінде – 20 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Әкімдік гранттары осы білім экожүйесін нақты кадр сұранысымен ұштастырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді көздейді.