«Ауыл сұңқарлары» – Абай облысы «Жастар қанаты» сенбілік өткізді
Абай облысының жастары туған жерге деген сүйіспеншілігін тек сөзбен емес, нақты іспен де дәлелдеп келеді. Соның жарқын көрінісі – «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы жанынан құрылған «Ауыл сұңқарлары» – «ЖАСТАР ҚАНАТЫ» Семей қаласында өткізген сенбілігі.
Демалыс күнін бос өткізбей, табиғатты тазартуға кіріскен «Жастар қанаты» қаланың маңызды демалыс аймақтарының бірін қоқыстан аршып, тұрғындарға айрықша үлгі көрсетті. Бұл, тек, тазалық жұмысы ғана емес, жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоғамды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейтін қадам!
Облыстық партияның «Жастар қанатына» жетекшілік етіп жүрген Демежанов Медғат Несіпбекұлы – заңгер мамандығын меңгерген, спортқа жақын, белсенді азамат. Ол әрбір акцияны жастардың патриоттық рухын шыңдайтын орта деп біледі.
– «Табиғатты таза ұстау – болашаққа қалдырған ең үлкен сый деп білемін өз басым. Біз әр өткізген сенбілікті өзіміздің азаматтық борышымыз деп қабылдаймыз», – дейді Медғат Несіпбекұлы.
Бұндай шараға «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы да ерекше мән беруде. Сенбілікке қатысып, жастарға қолдау білдірген филиал өкілі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы жастардың белсенділігін жоғары бағалады:
– «Таза орта – салауатты қоғамның айнасы. Табиғатты қорғау – әр азаматтың міндеті десек болар. Жастардың бұл бастамасы көпшілікке үлкен өнеге», – деп атап өтті ол өз сөзінде.
Сенбілікке қатысқан жастар әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды да өз айналасын таза ұстауға үндейді. «Әр ауладан басталған тазалық – қаланың келбетін өзгертеді» деген «Ұранмен» олар көпшілікті ортақ іске жұмылдыруға шақыруда.
«Ауыл сұңқарларының» бұл бастамасы – туған өлкені құрметтеудің нақты үлгісі деп айтуымызға негіз бар. Жастардың ұйымшылдығы мен еңбексүйгіштігі қала тұрғындарының ризашылығын тудырып, көптеген азаматтың экологиялық мәдениетке деген көзқарасын жаңғыртты.
Жетекшісі Демежанов Медғат Несіпбекұлы, қолдаушысы «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының өкілі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы бастаған «Ауыл сұңқарлары» – «ЖАСТАР ҚАНАТЫ» туған жердің тазалығы мен көркі үшін үздіксіз еңбек етіп келеді.
Олардың әрбір өткізген сенбілігі – тазалықты насихаттайтын, елдік рухты арттыратын нақты қадам. Жастардың бұл үлгісі Семей тұрғындарын ғана емес, барша қоғамды табиғатты аялауға шақырады.
«Ауыл» партиясы,
Абай облысы бойынша өңірлік филиалының
баспасөз қызметі