Зерендідегі жиын: Тоқаев егінді уақытылы жинауды тапсырды, элеваторды жаңғыртуға жеңіл қаржы ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Зеренді ауданында егін жинау науқанына арналған кеңес өткізіп, өңір диқандарымен талқылау жасады. Кеңеске Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары онлайн қосылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықтың тұрақтылығы уақытылы жиналған астыққа тікелей тәуелді екенін атап өтті. «Егіс алқабындағы жұмыстарды дер кезінде аяқтап, өнімді шығынсыз жинау қажет. Былтыр рекордқа жеттік — ол агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі», — деді ол. Биылғы сегіз айдың қорытындысы да жаман емес, өндірістің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар тиімділігін көрсетіп отыр.
Тоқаев диқандардың маңдай тері мен кәсіби білігін жоғары бағалап, ауыл шаруашылығын қолдауға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бағытталғанын еске салды. Президенттің тапсырмасымен биыл жеңілдетілген несиелеуге 1 триллион теңге бөлінді. «Ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе ұлғайту жөніндегі міндет жүйелі орындалуда, қарқынын бәсеңдетуге болмайды», — деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылғы егіс науқаны үшін жеңілдетілген қаржыландыруды ертерек ашу маңызды. Президент пайдасы жоғары дақылдарды өсіру арқылы егісті әртараптандыруды жалғастыруды тапсырды. Үкімет пен әкімдіктер шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен техниканы уақтылы жеткізуі керек. Күн райына қарамай, өнімді барынша шығынсыз жинау — басты талап.
Жиналған астықты сақтау — тағы бір осал тұс. Әртүрлі дақылдарға жеке қуат қажет екенін ескерген Президент элеватор тапшылығын атап, заманауи қоймаларды жаңғыртуға арнап жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сонымен бірге сапалы тұқымға сұранысты өз есебімізден өтеу үшін тұқым шаруашылығын қолдаудың баламалы тетіктерін енгізу, жетілдірілген минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тәжірибесін жалғастыру керегін жеткізді. «Егін шаруашылығындағы жақсы нәтиже аралас салалардың да тынысын ашады», — деді ол.
Мал шаруашылығы бойынша жыл соңына дейін ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаржы алуға жол ашатын кешенді бағдарлама әзірленеді. Тоқаев «жаппай цифрландыру» экономиканың ашықтығы мен тиімділігінің кепілі екенін айтып, егін және мал шаруашылығындағы бүкіл үдерісті цифрлық тәсілдермен қадағалауды, бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесіп жүргізуді тапсырды.
«Бюджеттен бөлінген әр теңгенің нақтылы нәтижесі болуы тиіс. Мемлекет адал еңбек еткен диқандарды әркез қолдайды. Бұл сала менің ерекше бақылауымда», — деді Президент. Ол ортақ күшпен науқанды уақтылы әрі табысты аяқтайтынына сенім білдірді.
Кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, «Қарасу-Астық» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Алмат Тұрсынов, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, «Галицкое» ЖШС директоры Александр Касицин сөз сөйледі.