«Қорқынышты фильмдегідей»: Астанада әбден тозығы жеткен апатты жағдайдағы жатақхана табылды (видео)
Фото: Бейнежазбадан кескін

«Қорқынышты фильмдегідей»: Астанада әбден тозығы жеткен апатты жағдайдағы жатақхана табылды (видео)

Астанада блогер Тоғжан Камзебаева Луи Пастер көшесіндегі №73 жатақхананың әбден қираған жағдайын видеода көрсетті. Қалалық жауапты басқарма бұл нысан апатты үйлер тізіміне енгенін, тұрғындардың 2026 жылдың I тоқсанында жаңа пәтерлерге көшірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Камзебаева бұған дейін де қарапайым жатақханалардың тұрмысын көрсетіп жүргенін айтады. Бұл жолғы шолуда қабырғасы үгітіліп түскен, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі қираған бөлмелер анық көрінеді. «Мен талай жатақханаларды араладым, бірақ мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын», – дейді блогер.

Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, №73 үй апатты ескі қорды бұзу бағдарламасына енгізілген. «2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде нысан 2025 жылға арналған жоспарға енгізіліп, қазір тұрғындардан құжат жинау жүргізіліп жатыр. Көшіру аяқталғаннан кейін жатақхананы бұзу жоспарланған.

Басқарма өкілдері 2025 жылғы 28 шілдеде Байқоңыр ауданы әкімдігімен бірлесіп, тұрғындармен кездесу өткізгенін хабарлады. Онда көшіру тәртібі мен мерзімдері түсіндіріліп, 2026 жылдың I тоқсанында жаңа пәтерлерге қоныстандыру уәдесі берілген.

Желі қолданушылары видеодан кейін билікті сынға алды. «Қорқынышты фильм түсіруге сұранып тұрған орын екен», «Президент пен министрді осында ертіп келу керек», «Түрмеде жағдай бұдан жақсы шығар», – деген пікірлер жазылды. Кейбірі «Әк те, бояу да қымбат емес, өзіміз де жөндеп алуға болады» десе, басқалары «Бұл ғимарат кеңестен бері жөндеу көрмеген, мәселе жүйелі түрде шешілуі тиіс» деп қостайды.