Абай облысының білім басқармасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауын талқылаған кеңес өткізді. Жиында цифрландыру, жасанды интеллект және ауыл мектептерін қолдау басымдықтары нақтыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов төрағалық етті. Ол жасанды интеллект, Big Data, блокчейн және автоматтандырудың қазіргі жаһандық бәсекеде шешуші факторға айналғанын атап өтті. «AI-Sana» арқылы студенттердің технологиялық жобаларға қатысуын кеңейту, ал «Digital Mektebi» бастамасы аясында ауыл мектептерінің инфрақұрылымын күшейту өңір үшін стратегиялық бағыт ретінде белгіленді. Мұғалімдердің цифрлық құзыретін жүйелі арттыру да күн тәртібінен түспейтіні айтылды.
Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков меценаттық пен мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің білім сапасын арттырудағы нақты тетіктерін баяндады. Оның айтуынша, бұл тек бюджетке қосымша ресурс емес, мектептердің шұғыл қажеттіліктерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, «Алматыкітап» баспасы №35 мектепке 60 мың кітап қоры бар заманауи кітапхана сыйлаған. Сонымен бірге ауыл мектептеріне 40 жылжымалы кітапхана жеткізу жоспарланып отыр.
Әлеуметтік жауапкершілік бағытында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен былтыр 7 мектеп жаңаша жарақтандырылса, биыл тағы 4 білім ошағы қосылмақ. 2026 жылға дейін 6500-ден астам педагог цифрлық оқыту курстарынан өтеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жаңа кабинеттер мен қолдау орталықтарын ашу жұмысы да жалғасады. Бұл шаралар инклюзивті білімнің сапасын нақты құралдармен көтеруге бағытталған.
Жиында педагогтер қауымы да өз ойларын ортаға салды. Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның ардагер ұстазы Алма Аубакирова Жолдау бастамаларының мектеп тәжірибесіне енгізілуі туралы пікірін айтты. №17 мектеп директоры Райгүл Жұмақанова инклюзивті орта құрудың тетіктерін бөлісті, ал IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің оқытушысы Айдын Қасымжанов «AI-Sana» аясындағы жобалық оқытудың артықшылықтарын атап өтті.
Кеңес соңында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараларға қосқан үлесі үшін бірқатар білім беру қызметкерлеріне Абай облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Аймақ ұстаздары Жолдаудағы міндеттерді іске асыруда қоғам, бизнес және білім қауымдастығының ынтымақтастығы шешуші рөл атқаратынын жеткізді.