Абай облысының делегациясы Түркістанда: агрокешендерді аралап, Кореямен әріптестікті талқылады
Абай облысының делегациясы Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Губернаторлар ассоциациясы (GAROK) ұйымдастырып жатқан «Орталық Азия – Корея Республикасы» жергілікті өзін-өзі басқару органдарының екінші ынтымақтастық форумына қатысады. Форум аясында өңір делегациясы Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың жұмысын көрді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Делегация құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, Мақаншы және Үржар аудандарының әкімдері, облыстық басқармалар басшылары, бизнес өкілдері мен сәулетшілер бар. Жалпы 20-дан астам адамнан тұратын топтың сапары өңіраралық кооперацияны күшейтіп, тәжірибе алмасуға бағытталды. Қатысушылар әр нысанда өндірістік процестерді, логистиканы және дайын өнімді өткізу тізбегін талқылады.
Түлкібас ауданында «Майтөбе-Сүт» сүт өңдеу цехының қуаты мен өнім желісі таныстырылды. Сондай-ақ «Кен-Тау» ЖШС-нің жеміс-көкөніс сақтау қоймасының суыту және сақтау жүйелері көрсетілді. Делегация мүшелері маусымаралық өнім сақтаудың тиімді тәсілдеріне назар аударды.
Сайрам ауданында «Kaz Eco Meat» ет өңдеу кешенінің өндірістік алаңы көрілді. Бұдан бөлек, «Nurym Group» бордақылау алаңының инфрақұрылымы мен мал азығын дайындау тәртібі түсіндірілді. «DALA-FRUIT.KZ» жеміс-көкөніс кластерінде шикізатты қабылдау, іріктеу, орау және экспортқа дайындау үрдістері таныстырылды.
Сапар барысында делегация Түркістан облысындағы бірқатар өнеркәсіптік нысандарды да аралады. Тараптар агроөнімді өңдеу, сақтау, тереңдетіп қайта өңдеу және өткізу бағыттарында бірлескен жобалар іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Форум аясындағы кездесулер өңіраралық байланыс пен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп күтіледі.