Жаңбырды сатып байыған ағылшындық жаңбыр жауғызу құпиясын қалай ашты
«Жаңбыр сатушы» деген тіркес алғаш естігенде ертегі секілді көрінуі мүмкін. Алайда бұл – шынайы оқиға. Чарльз Хэтфилд есімді америкалық азамат шынымен де жауын-шашынды қолдан жасай алатынын мәлімдеп, тарихта ерекше есімімен қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
1875 жылы Канзас штатында дүниеге келген ол бастапқыда тігін машиналарын сатумен айналысқан. Бірақ бос уақытын ғылымға арнап, метеорология, химия және физика салаларын өз бетінше зерттеген. Осылайша, көп жылдық еңбегінің нәтижесінде 1902 жылы ерекше әдіс ойлап табады: жаңбыр шақыратын 28 түрлі заттың қоспасы. Бұл заттар бірігіп қызған кезде, атмосферада буланып, ақыры жауын жауғызады.
Тәжірибесі алғашында көп күмән тудырғанымен, табысты болып шықты. Ол өз қызметін алғаш рет Калифорнияда ұсынды. Ағасы Полмен бірге газеттерге жарнама беріп, құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге жаңбыр жауғызатынын жеткізеді. Қызмет құны – 50 доллар, алдын ала төлем талап етілмеген.
Хэтфилд төбеге ағаш мұнара орнатып, оның ішіне мырыштан жасалған қазан орнатады. Сол қазанға ылғалды тартатын арнайы қоспа құйып, от жағады. Айналаға тараған өткір иіс пен бу екі күн ішінде бұлтты шақырып, жаңбыр жауғызған. Бұл тәжірибе халық арасында үлкен әсер қалдырып, Хэтфилд «жаңбыр шебері» ретінде танымал бола бастайды.
1915 жылы Сан-Диего қаласы оны су қоймасын толтыруға шақырады. Морена көлінің жанында құрылған мұнара қайтадан жұмыс істеп, жаңбыр жауғызады. Кейін ол 25 000 долларға келісімшарт жасайды. 1928 жылы тағы бір ірі жетістікке қол жеткізіп, Калифорниядағы кеуіп қалған көлге су түсіреді. Тіпті Гондурас үкіметі де оны табиғи өртті сөндіру үшін шақырады.
Алайда 1929 жылы басталған Ұлы депрессия кезінде Хэтфилд барынан айырылып, банкрот болады. Ол 1958 жылы 83 жасында өмірден өтіп, өзі құпия сақтаған жаңбыр шақыру әдісін ешкімге ашпай кетті.