Мәжіліс: анасына құттықтау айтқан Назаров регламентті бұзбады
Фото: Бейнежазбадан кескін

Мәжіліс: анасына құттықтау айтқан Назаров регламентті бұзбады

Мәжіліс жуырда өткен жалпы отырыста анасына туған күнмен құттықтау айтқан депутат Ардақ Назаровтың әрекетіне ресми түсінік берді. Палата бұл қадам регламент пен депутаттық этика нормаларын тікелей бұзбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің түсіндірмесінде 10 қыркүйектегі жалпы отырыста депутаттық сауал жариялау кезінде айтылған қысқаша құттықтау «пленарлық отырыстың барысына әсер етпегені» және «тиісті деңгейде» болғаны атап өтілді. Сол себепті палата Ардақ Назаровтың әрекетін регламентті немесе депутаттық этиканы бұзу деп санамайды. Дегенмен, мәжіліс мінберін негізінен қызметтік мақсатта пайдалану қажеттігі еске салынды.

Ресми жауапта «депутаттың анасына жолдаған құттықтауы парламент пен мәжіліс регламентін тікелей бұзбайды» деген тұжырым бар. Яғни мұндай құттықтауларға толық тыйым жоқ, бастысы — сөз қысқа, іскер форматта болып, отырысқа кедергі келтірмеуі тиіс. Мәжіліс мұндай қадамдардың жиіленіп кетпеуі үшін парламенттік дәстүр мен тәртіптің маңызын да алға тартты.

Еске салайық, жалпы отырыста сөз алған Ардақ Назаров депутаттық сауалын бастамас бұрын анасына туған күніне орай ізгі тілегін білдірген еді. Осы жайт қоғамда пікірталас туғызып, сын айтылған соң, депутат өз ұстанымын түсіндіріп, құттықтауын адамдық және дәстүрлі құндылықтар тұрғысынан бағалауды сұраған.