«Қойға да қарайды ғой»: Әскерде көз жұмған егіз сарбаздың туыстары әділдік талап етті
Жамбыл облысы, Мәттібұлақ ауылындағы №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек асылған күйінде табылды. Егіз ұлдың өлімі «өз-өзіне қол жұмсады» деп хабарланғанымен, отбасы бұл нұсқаға күмән келтіріп, істің әділ тергелуін сұрайды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Дінмұхаммед өткен күзде әскерге шақырылған ағасы Даниялмен бірге Отар гарнизонында қызмет етуді армандаған. Алайда ант бергеннен кейін күтпеген жерден №01098 әскери бөліміне ауыстырылып, егіздердің жолы екіге айырылды. Туыстарының айтуынша, ол еңбекқор, мейірімді, болашағына сенген, өмірге құштар жас болған. «29 тамызда ғана 19 жасқа толды. Біз Президентке жүгініп, ініміздің өлімін әділ тергеуді талап етеміз», — дейді марқұмның әпкесі Енлік Қалтаева.
Нағашы әпкесі де оқиғаға күдікпен қарайды. Оның сөзінше, денесінде ұрып-соғу іздері байқалмағанымен, «асфиксия» — тұншығу деген алдын ала қорытындының өзіне толық сенім жоқ. «Бұл бала өзіне қол жұмсады дегенге сенбеймін. Мүмкін денесін әдейі асып қойған. Мұның бәрін әскери прокуратура мен тергеу органдары әділ тексеруі керек», — деп атап өтті ол. Туыстары бөлімнің алыстығын, байланыс нашар екенін, сарбаздардың ата-анасымен аптасына бір-ақ рет сөйлесетінін қосымша мәселе ретінде көтерді.
«40-ақ сарбаз болса, олардың хал-ахуалын бақылауға толық мүмкіндік бар еді. Бұл — бақылаудың жоқтығы», — дейді отбасы мүшелері. Олар командирлердің жеке құрамға жауапкершілігін еске салып, әр сарбаздың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керегін айтады. Әскердегі тәртіп пен бақылаудың босаңсуы трагедияға апарып соқпауға тиіс деген уәжін де жеткізді.
Марқұмның анасы жанайқайын жасырмады. «Мен баламды ел қорғауға аман-есен жібердім. Олар бес айдың ішінде менің баламды қорғай алмады. Қырық қойға да қарайды ғой, біреуі жоғалса тауып әкеледі. Ал қырық сарбаздың жағдайын бақылап, аман сақтай алмады. Бұл қалай? Бұл әділеттілік пе?» — деп көз жасына ерік берді. Анасы ұлының бала кезден тәртіпті, арманшыл болғанын айттып, егізін аман-есен елге қайтаруды талап етті.
Дінмұхаммедтің егізі Даниял Отарда қызметін жалғастырып жатыр. Алайда отбасы оны да әскерден шығарып алуға бекінген. «Бүгін алып кетеміз. Құжаттарын, әскери билетін өздері береміз деді. Бірақ інімді әскерде қалдырмаймыз», — дейді әпкесі. Туыстарының ойынша, жақын адамы трагедияға ұшыраған соң, Даниялдың әрі қарайғы қызметі оның психологиялық жай-күйіне де салмақ түсіруі мүмкін.
Құзырлы органдар қазір ресми тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама қорытындысы 20–30 күн ішінде дайын болады деп хабарланған. Дегенмен, марқұмның жақындары істің «өз-өзіне қол жұмсады» деген тұжырымға сүйеніп, үстірт аяқталып кетуінен қауіптенеді. «Тіпті суицид болса да, ол не үшін сондай қадамға барды? Бұл жерде жауапкершілік бар. Әскердегі 40 сарбаздың тағдыры — командирлердің мойнында. Біз әділдікті талап етеміз», — дейді отбасы.
Отбасы мүшелері ең алдымен бейтарап, жан-жақты тергеу, бейнебақылау жазбаларын, кезекшілік есебін, тәлімгерлердің есептерін және байланыс журналдарын тексеруді сұрайды. Сондай-ақ олар сарбаздармен психологиялық жұмыс сапасын, бөлімдегі тұрмыс-тіршілік жағдайын, байланысқа шықпай қалған уақыт аралықтарын мұқият қарауды талап етті. «Бір ғана отбасының емес, талай үйдің үміті — сол 40 сарбаз. Олардың әрқайсысы аман болуы тиіс», — дейді жақындары.