Тоқаев Нью-Йоркте Қытайдың жаһандық бастамаларына қолдау білдірді: БҰҰ-ның рөлі айқын болуы керек

25 қыркүйек, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы алаңында өткен Қытайдың жаһандық даму және жаһандық басқару бастамаларына арналған жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі. Ол Қазақстанның бұл бастамаларды толық құптайтынын айтып, халықаралық ынтымақтастықта БҰҰ-ның орталық рөлін атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қытай тарапы ұйымдастырған жиынның дер кезінде өткенін атап өтіп, «көреген басшылығы үшін» ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді. Қазақстан Жаһандық даму бастамасын (Global Development Initiative) Орнықты даму мақсаттарына жедел жетуге мүмкіндік беретін маңызды қадам деп санайды. Осы ұстаным Қытайдың Тяньцзиньде өткен ШЫҰ саммитінде жарияланған Жаһандық басқару бастамасымен (Global Governance Initiative) үйлеседі. Президент бұл бастама тұрақсыз кезеңдегі көптеген елдің мақсатын айқындап, БҰҰ аясында іске асуы тиіс екенін айтты.

Тоқаевтың сөзінше, Жаһандық басқару бастамасының өзегі – мемлекеттердің егемендік теңдігін құрметтеу, халықаралық құқықтың үстемдігін сақтау және көпжақты институттарды нығайту. Бұған қоса, адамдардың игілігін бірінші орынға қою, әріптестікті нақты іс-әрекетпен күшейту қажет. Қазақстан бұл қағидаттарды қолдай отырып, орта державалардың дауысын күшейтуге шақырады.

Президент цифрлық технологияларға әділ қолжетімділік, қауіпсіз киберкеңістік және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерін ерекше атады. Ол жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттарын әзірлеудің өзектілігін көтеріп, Қытай ұсынған «ЖИ саласындағы ынтымақтастықтың жаһандық ұйымын» құру бастамасына Қазақстанның қолдау білдіретінін жеткізді.

Сондай-ақ, Тоқаев жаһандық басқару идеялары «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін атап өтті. Қытайдың инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларына 150-ден астам елдің қосылуы өңірлік байланыстылықты күшейтіп, бірлескен дамуға жол ашады. Бұл ынтымақтастық БҰҰ мақсаттарына қол жеткізуге серпін береді деген пікір айтылды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы көпжақты әріптестікті нақты жобалармен толықтыру арқылы ғана жаһандық тұрақтылық пен өсімге қол жеткізуге болатынын атап өтті. Қазақстан осы бағытта БҰҰ алаңындағы диалог пен практикалық өзара іс-қимылды қолдай береді.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық даму бастамасы Жаһандық басқару бастамасы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қытай бастамалары