Жылыту маусымы: 323 шақырым жылу желісі жаңарып, отын қоры нормативке жеткізілді
Елімізде алдағы қысқа дайындық аясында жылу инфрақұрылымы жаңартылып, көмір мен мазут қоры жеткілікті деңгейде қалыптастырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанда биыл 323 шақырым жылу желісін қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді. Қазіргі таңда соның 293 шақырымы аяқталды. 2025 жылы жөндеуден өтуі тиіс 47 орталықтандырылған қазандықтың 38-інде жұмыс толық бітті. Бұл жылыту маусымын кестеге сай бастап, тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаевтың айтуынша, отын қоймаларында 5 млн тонна көмір жиналды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Сондай-ақ 129 мың тонна мазут дайындалған, бұл — былтырмен салыстырғанда 32%-ға артық. «Барлық энергия көздерінде отынның нормативтік қоры жинақталған. Әкімдіктердің өтінімдері бойынша өңірлерге арналған “әлеуметтік” мазутты жеткізу кестесі жыл сайын бекітіледі. Алдағы кезеңге 257 мың тонна көзделген, әлеуметтік көмірді жеткізу жалғасып жатыр», — деді ол.
Биыл көмірмен қамтамасыз ету мәселесі толықтай Энергетика министрлігінің құзыретіне өтті. Министрлік әкімдіктермен, «Қазақстан темір жолы» және көмір өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп республикалық штаб отырыстарын өткізіп келеді. Негізгі мақсат — көмір тапшылығына жол бермеу және логистиканы қалыпты ұстау. Алдағы жылыту маусымына жалпы 7,7 млн тонна көмір қажет болса, бүгінгі таңда 4,4 млн тоннасы жинақталған, жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жылыту кезеңінің тұрақты өтуі үшін жүйелі жұмыс жолға қойылған. Комитет KEGOC, «ҚТЖ», «QazaqGaz» акционерлік қоғамдарымен, сондай-ақ көмір және энергия өндіруші кәсіпорындармен тұрақты түрде республикалық селекторлық кеңестер өткізуде. Энергетика министрлігі жылыту маусымының еш іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету шараларын жалғастыратынын мәлімдеді.